Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің отырысына қатысып, АҚШ президенті Дональд Трампқа қатысты күтпеген ұсыныс жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесу барысында Тоқаев Дональд Трамптың бейбітшілікті ілгерілетудегі еңбегін ерекше атап өтуді жөн көрді.
– Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
АҚШ президенті Дональд Трамп өз кезегінде кеңеске қатысушыларға ризашылығын білдіріп, Қазақстанды «керемет әрі бай ел» деп сипаттады. Ол жиынға келген мемлекет басшыларын бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқан жаһандық деңгейдегі көшбасшылар деп атады.