Президент жаңа конституциялық заңдарға қол қойды. Құжаттарға сәйкес, Қазақстанда Вице-президент институты құрылып, Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде айқындалды.
Жаңа заң бойынша Вице-президент Президенттің тапсырмасымен оның мүддесін білдіріп, жүктелген міндеттерді орындайды.
Ал Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл. Құрылтай вице-президентті, премьер-министрді және бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім беру, Жоғарғы сот судьяларын сайлау сияқты өкілеттіктерге ие болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы "Қазақстан Халық Кеңесі туралы", "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" және "Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" конституциялық заңдарға қол қойды.
Жаңа заңдар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және билік тармақтарының өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған.