Malim.kz
Саясат

Тоқаев: Вице-президенттің кім екені келесі аптада белгілі болады

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президент лауазымына тағайындалатын адамның есімі келесі аптада немесе он күн ішінде белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет басшысы «Хабар» телеарнасының тілшісі Сағыныш Әбікеңнің сұрағына жауап бере отырып, Вице-президент лауазымының Конституцияға әдейі енгізілгенін атап өтті.

«Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президенттің кім болатынын қазір нақты айта алмайтынын, алайда бұл көпшілікке белгілі адам болатынын жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, жаңа орган Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді.

Президент алдағы уақытта елде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілетінін де атап өтті. Облыс орталықтары, аудандар мен қалаларда емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы сияқты маңызды нысандар бой көтермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалаларды абаттандыру мен «Таза Қазақстан» акциясын жалғастырудың маңызын атап өтіп, елдің дамуына барша азамат атсалысуы қажет екенін айтты.

Президенттің пікірінше, Құрылтай сайлауы сәтті өтті. Оның айтуынша, саяси науқан барысында жаңа тұлғалар мен ұтымды идеялар ұсынылып, бұл Құрылтай Қазақстанның дамуына жаңа серпін береді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары