Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесін елде бұрын болмаған жаңа институт деп атады, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысы бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде айтты. Оның пікірінше, жаңа құрылымның қызметі мен міндеті өзгеше болғандықтан, Кеңестің алғашқы мүшелеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі.
"Әділетті Қазақстанның жарқын символы саналатын бұл құрылымның жөні де, жолы да өзгеше. Сондықтан, Кеңестің алғашқы мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Осы мәртебелі әрі беделді құрылымның табысты жұмысы сіздердің табанды еңбектеріңізге байланысты болмақ", – деді президент.
Тоқаев Кеңес мүшелерінің халықпен тығыз байланыс орнатуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа институт қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтып, ел бірлігін күшейтуге ықпал етуі тиіс.
Президент Кеңес мүшелерінің бастамалары мемлекеттік басқару жүйесіне ғана емес, елдің дамуына да әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
"Әрине, жол бастау оңай болмасы анық. Бірақ бір жағынан, бұл – үлкен құрмет және зор мүмкіндік. Сіздер, халықпен етене байланыс орнатып, жасампаз бастамалар көтеру арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне, тіпті, ел тағдырына ықпал ете аласыздар. Ең бастысы, ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Халық Кеңесінің жұмысында ұлттық мүдде негізгі басымдық болуы қажет екенін атап өтті.