Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің тауар нарығынан дерекқор мен стандарттар нарығына қарай ойысқанын анық көрсетеді.
— Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады. Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді. Салық саласында да түбегейлі өзгерістер орын алды. Салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, екі миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті. Smart Data Finance платформасының іске қосылуы — елеулі жетістіктердің бірі. Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады, — деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, жасанды интеллектінің стратегиялық маңызы моделдің ауқымына қарай емес, керісінше экономиканың нақты секторымен қаншалықты үйлесім тапқанына байланысты анықталатынын айтты.
– Шын мәнінде, парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану өсімнің басты факторы санала бастады. Сондықтан бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе құру қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық шешімдермен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге жол ашылады. Жаһандағы технологиялық жарыста бірде бір ел өз бетінше жасанды интеллект әлеуетін толық пайдалана алмайды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес, ең алдымен, экономика және цифрлық платформа саласында келісілген тәсілдер әзірлеп, озық тәжірибелермен алмасу үшін құрылды. Осыған орай Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын. Өйткені өндіріс – қосылған құны жоғары өнім өндіретін және жаңа технологияны сынап көретін ең басты алаң. Бұл орайда тау-кен кешені, энергетика, агроөнеркәсіп секторы, логистика салаларындағы өнімділікті арттыру, шығынды азайту және басқару тиімділігін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруді ұсынамын. Индустриялық деректерді дамытып, өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізу, сондай-ақ процестерді жаппай автоматтандыру арқылы біз стратегиялық мақсаттардың пікірталас күйінде қалмай, нақты іске ұласуына мүмкіндік жасаймыз, – деді Президент.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Sinovation Ventures және 01.ai бас директоры Ли Кай Фу, Cambrian Futures бас директоры Олаф Дж. Грот, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Меруан Дебба, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам және Oxford Insights бас директоры Ричард Стирлинг сөз сөйледі.
Осыған дейін ЖИ тиімді қолдану үшін деректерге бағдарланған басқару моделін енгізу керектігін айтқан болатын.