Malim.kz
Мәдениет

Тоқаев: Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды

Сабина Асқарқызы
Ақорда

Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында озық инженерлік шешімдер қолданылған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Тәуелсіздік сарайы ғимаратында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Президенттің айтуынша, Алтын Орда өз кезеңіндегі көптеген мемлекеттермен салыстырғанда стратегиялық ашықтық қағидатын ұстанған.

«Бұл ұстаным қалалардың сәулеттік келбетінен анық байқалады. Ұлыс гүлденген кезеңде қалалар биік қамалдармен қоршалып, оқшауланған жоқ. Керісінше, әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп дамыды. Бұл дала мен қала арасында тұрақты қақтығыстар болған деген түсінікті толықтай жоққа шығарады. Мұндай байланыстар орта ғасырдағы тиімді мемлекеттілік моделінің негізін қалады», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Алтын Орда дәуірінен қалған материалдық және мәдени мұралар осының нақты дәлелі саналады.

«Ғалымдардың дерегіне сәйкес, алып империя құрамында жүзден астам қала болған. Қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін сол дәуірде инженерлік технологиялар кеңінен пайдаланылды. Мұны археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр. Сонымен қатар өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада өндірілген кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кең қолданылуынан байқауға болады», – деді Президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Жошы ұлысының халықаралық сауда байланыстарын дамытуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

«Еуразияның әр аймағындағы кәсіпкерлерге сауда жасап, еркін жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарықтың қалыптасуына ықпал етіп, бүкіл өңірдің дамуына жол ашты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары