Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы жетінші жүктілігінің қалай өткенін айтып, көпшілікпен ерекше оқиғасын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзінше, жүктілік кезеңі оңай болмаған. Дәрігерлер де сәбиге қатысты қауіп барын ескерткен. Бұған дейінгі балаларының арасы жақын болғандықтан, ана ретінде қатты алаңдағанын жасырмады.
"Мәриямға жүкті екенімді білген сәттен бастап менде қорқыныш пен уайым көбейді. Медициналық тұрғыда қауіп өте үлкен еді. Бұл төртінші кесір тілігі, кішкентайымның арасы тым жақын, оның үстіне үш ұлым да шала туған. Осының бәрін ойлаған сайын аналық жүрегім алаңдай беретін. Бірақ жүрегімде бір ғана ой тұрды: “Алла қателеспейді", – деді ол.
Толқын Тұрарбекқызы бір күні Төреғалиға уайымының басым болып кеткенін айтып, ішкі тыныштық қажет екенін жеткізген. Осыдан кейін ерлі-зайыпты 40 күн бойы таңғы уақытта тұрып, дұға жасауға шешім қабылдаған.
"Содан екеуміз Астананың аязында, күнде сағат 3-те тұрып, 40 күн бойы мешітке барып, тәһәжжуд намазын оқыдық. “Я Алла, баламызды аман-есен ай-күніне жеткізіп, дүниеге әкелуді нәсіп етші” деп тіледік", – деп еске алды ол.
Нәтижесінде Мәриям есімді сәбиі дәрігерлерді де таңғалдырып, ай-күніне жетіп, аман-есен дүниеге келген.
"Төремнің төбесі көкке бір елі жетпей қалды", – деді Толқын Тұрарбекқызы қуанышты сәтін еске алып.