Күн сайын адам ағылатын сауда орталығының ішінде бір топ дос өздеріне жасырын баспана жасап алған. Олар жиһаз кіргізіп, теледидар орнатып, бос уақытын сонда өткізген. Ғимарат қызметкерлері мұны төрт жылға жуық байқамаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға 2003 жылы басталған. Суретші Майкл Таунсенд ғимарат салынып жатқан кезде пайдаланылмай қалған бір кеңістікті байқайды. Кейін жеті досымен бірге сол жерді іздеп тауып, орналаса бастайды.
Бос орынның аумағы шамамен 70 шаршы метр болған. Достар кіреберісін жасыру үшін қабырға тұрғызып, сырт көзге қызметтік бөлменің есігіндей көрінетін есік орнатқан.
Ішіне жарық жүргізіп, теледидар мен ойын құрылғысын әкелген. Тіпті ыдыс-аяқ қоятын шкаф та болған. Бірақ су құбыры мен жеке дәретханасы болмағандықтан, сауда орталығындағы ортақ әжетхананы пайдаланған.
Олар бұл жерде төрт жыл бойы үздіксіз тұрмаған. Әрқайсысы кезекпен келіп, кейде бірнеше аптаға қалған. Уақыт өте келе жасырын бөлме достардың бас қосып, демалатын орнына айналған.
Таунсенд кейін PBS арнасына берген сұхбатында сауда орталығын жақсы біліп алғандарын айтқан. Адамдардың қай уақытта қайда жүретінін бақылаған. Сондықтан жиһаз бен құрылыс материалдарын тасып жүргендері ұзақ уақыт күдік туғызбаған.
Алайда 2007 жылы құпия ашылған. Күзет қызметкерлері жасырын бөлмені тауып, Таунсенд ұсталған. Сауда орталығы жеке меншік болғандықтан, оның әрекеті бөтен аумаққа рұқсатсыз кіру ретінде қаралып, сот оған пробациялық бақылау тағайындаған. Бөлмені әрі қарай жабдықтау жоспары осылай тоқтаған.
Достар сол жылдардағы тіршілігін шағын камераға түсіріп жүрген. Кейін бұл жазбалар «Secret Mall Apartment» деректі фильміне пайдаланылған.
Ал төрт жылға жуық жасырын баспана болған орын – АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласында орналасқан Providence Place сауда орталығы.