Malim.kz
Шоу-бизнес

"Тортты қоршап қойған": "Қазақ аруы–2024" Ақкербездің тойы желіде талқыға түсті

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

"Қазақ аруы–2024" байқауының жеңімпазы Ақкербез Ысқаққызы тұрмысқа шықты. Ол үйлену тойынан бейнежазба жариялап, қуанышты сәтін бөлісті. Алайда желі қолданушыларының назарын жас жұбайларды айнала қоршаған үлкен дөңгелек торт аударды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақкербез Instagram парақшасына тойда торт кескен сәтінен видео жүктеген. Кадрда ақ көйлек киген қалыңдық пен қара костюмдегі күйеу жігіттің шеңбер пішінінде қойылған торттың ортасында тұрғанын көруге болады. Ақ түсті торттың үсті құлпынаймен, ал жиектері қызыл түсті өрнектермен безендірілген. Жас жұбайлар оның ішкі жағынан кесіп, қонақтарға ұсынған.

Бейнежазбаға "Мұндай тортты Қазақстаннан көрмеген шығарсыз. Қазақстанға жаңа тренд келді" деген мәтін жазылған. Ал Ақкербез жарияланымның сипаттамасына орыс тілінде "Бақытты күніміздің тәтті қорытындысы" деген мағынадағы жазба қалдырған.

Үлкен тортқа қатысты пікір екіге бөлінді

Тойдағы ерекше тортты жұрт әртүрлі қабылдаған. Бірқатар қолданушы мұндай көлемдегі тәттіні артық шығын санап, ысырапшылдық туралы пікір білдірген. Олардың арасында қаражатты мұқтаж адамдарға көмектесуге жұмсаған жөн деп есептегендер де бар.

Ал енді біреулер көріністі әзілге айналдырған.

"Тортты тамадаға бермесін деп қоршап қойған-ау", "Торт проблема болды ғой", – деп жазған пікір қалдырушылар.

Осылайша, жас жұбайлардың тойындағы торттың көлемі мен ұсынылу тәсілі пікірталасқа себеп болды. Жарияланған кадрларда оның нақты салмағы мен бағасы көрсетілмеген.

Ақкербездің отбасын құруына қатысты жаңалықтар бұған дейін де оқырман назарына ұсынылған. Атап айтқанда, оның құдалығы мен қыз ұзату рәсімі, сондай-ақ қалың малы туралы материал жариялаған едік⁠.

Сол кезде әлеуметтік желіде тараған видеода қалың малға 5 миллион теңге берілгені айтылған. Күйеу жігіттің жақындары қыздың отбасына алтын және ақшалай сыйлықтар табыстап, дәстүрлі қоржындарын әкелген. Сыйлықтардың жалпы құны нақтыланбаған.

Ақкербезді әнші Гүлнұр Оразымбетова ұзатқан. Өнер иесі ару "Қазақ аруы–2024" байқауында жеңіске жеткенде, оны өзі ұзатуға уәде бергенін жеткізген. Кейін сол тілегінің орындалғанын айтып, жас жұбайларға бақыт тілеген.

Күйеу жігіт Әкежан Айтбеков кім?

Ақкербездің жары – еркін күрес балуаны Әкежан Айтбеков. Оның үйленуге ұсыныс жасағаны туралы да бұған дейін жазған едік⁠. Сол кезде Ақкербез сүйіктісінің ұсынысын қабылдағанын хабарлап, "Миллион рет иә! Шексіз бақыттымын" деп жазған.

Әкежан 97 келі салмақ дәрежесінде күреседі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәліметінше, ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2025 жылғы маусымда Түркістанда өткен Қазақстан жоғары оқу орындарының XIII жазғы универсиадасында өз салмағында бірінші орын алған. Университет сол кездегі хабарламасында оның "Дене шынықтыру және спорт" мамандығында білім алғанын көрсеткен.

Сондай-ақ балуан 2025 жылғы қыркүйекте Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен III Түркі универсиадасында күміс жүлдеге ие болған. Бұл нәтижені ҚазҰУ мен Қазақ спорт және туризм академиясының ресми ақпараттары растайды.

Ақкербез Ысқаққызы туралы не белгілі?

Ақкербез Ысқаққызы – Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы. Ол республикалық байқауға дейін өңірлік "Сыр аруы–2024" сайысында жеңіске жеткен. Кейін Қызылорда өңірінің атынан "Қазақ аруы–2024" байқауына қатысып, бас жүлдені иеленген.

Республикалық байқауда топ жарған кезде Ақкербез 17 жаста болған. 2024 жылы жарық көрген таныстырылым материалында оның Қызылордадағы "125 highschool" мектебін бітіргені және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуға түскені жазылған.

2024 жылғы байқауда дауыс беру жүйесіне қатысты мәселе туындап, ұйымдастырушылар қайта дауыс беру өткізген еді. Оның қорытындысында да Ақкербез жеңімпаз атанып, "Қазақ аруы" атағын сақтап қалған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары