Қазақстанда тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, сырқаттану төмендеп келеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Tengri Health.
Министрдің айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің шаралары нәтижесін беруде.
— «Тұмаудың таралуы 15 пайызға азайды. Санэпидбақылау комитетінің шаралары тиімді болып отыр. Қазір ауруханалардағы төсек-орын толымдығы шамамен 60 пайызды құрайды», —
деді Ақмарал Әлназарова.
Министр денсаулық сақтау жүйесі жағдайды бақылауда ұстап, науқастар легімен қабылдауға қабілетті екенін атап өтті.
Бұған дейін ведомство басшысы елдегі тұмау көрсеткіштері бойынша болжам жасаған еді. Маусым басталғалы бері:
- 590 жағдай тіркелген;
- Оның 587-сі — А (H3N2) типі, яғни «Гонконг тұмауы»;
- Сирек болса да, A (H1N1) типі де анықталған.
«Гонконг тұмауы» Қазақстанда 2001 жылдан бері бар және басқа штамдарға қарағанда ауыр өтеді.