Malim.kz
MALIMet

"Түрі өзгерсе де, дауысы өзгермеген": Гауһар Әлімбекованың видеосы талқыға түсті

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Әнші әрі сазгер Гауһар Әлімбекованың тойда ән орындаған видеосы әлеуметтік желіде тарады. Өнер иесінің сырт келбетіне назар аударған кейбір қолданушылар оны бірден тани алмағанын жазған, деп Malim.kz тілшісі Ozgerisinfo инстаграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жарияланған бейнежазбада әнші қонақтардың ортасында микрофон ұстап, ән айтып тұр. Айналасындағылар оның өнерін телефонға түсіріп алған. Алайда желідегі талқылау әннен гөрі орындаушының келбетіне қатысты өрбіген.

Пікір қалдырғандардың бір бөлігі әншінің қасы мен макияжына назар аударса, енді бірі оның дауысын бірден танығанын жеткізген.

"Қасына не болған?", "Түрі өзгерсе де дауысы өзгермеген", "Шошып кеттім ғой" деген пікірлер жазылған.

Дегенмен сырт келбетіне қатысты айтылғандар — желі қолданушыларының жеке пікірі. Жарияланымда әншінің осы талқылауға берген жауабы келтірілмеген. Сондай-ақ видеоның нақты қашан және қай жерде түсірілгені көрсетілмейді.

Гауһар Әлімбекова кім?

Гауһар Әлімбекова – әншілік пен сазгерлікті қатар алып жүрген қазақстандық өнер иесі. Ол 1971 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Мектепте оқып жүрген кезінен музыкаға қызығып, тоғызыншы сыныпта гитарада ойнауды үйренген. Алғашқы шығарған әні "Сағыныш сазы" деп аталады.

Өнер жолындағы елеулі қадамдарының бірі – жас композиторларға арналған "Үкілі үміт" байқауына қатысуы. "Qazaqstan" ұлттық арнасының мәліметінше, ол 1996 жылы осы байқауда "Көрермен көзайымы" жүлдесін иеленген. Әнші туындыларын гитараның сүйемелдеуімен шығарады. Шығармашылығында махаббат, сағыныш пен адам сезімі тақырыптарына жиі оралады.

Оның репертуарындағы әндердің басым бөлігі – өзінің шығармалары. Тыңдарманға "Ақ босаға", "Келінге өсиет", "Оралшы, махаббат", "Көктемге хат", "Перзент сыры", "Көктемгі жаңбыр", "Қыз сезімі" секілді туындылары арқылы танылған. Әсіресе, отбасы мен келін тәрбиесіне арналған әндері тойларда жиі орындалады.

Гауһар Әлімбекова жеке шығармашылық кештерін де өткізген. 2014 жылы ұлттық арна оның "Махаббат ордасы" атты ән кешін көрерменге ұсынды. Ал 2019 жылы туған жеріндегі "Достық" мәдениет үйінде концерт беріп, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары