Түркияның Кахраманмараш қаласында мектепте қарулы шабуыл болып, адам шығыны тіркелді, деп хабарлайды Malim.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 8-сынып оқушысы оқу орнына қару алып келіп, сыныптастары мен мұғалімдерге оқ атқан. Қайғылы оқиға салдарынан бірнеше адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған. Жараланғандардың бірқатарының жағдайы ауыр деп бағалануда.
Оқиға Оникишубат ауданындағы Ayser Çalık Ortaokulu мектебінде болған. Атыс кезінде екі сынып бөлмесінде оқ атылғаны айтылып отыр. Дыбысты естіген соң мектепке жедел түрде полиция мен жедел жәрдем бригадалары жеткен.
Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, күдікті мектепке әкесіне тиесілі қаруды алып келген. Оның әкесі бұрынғы полиция қызметкері болған. Қазіргі таңда ол ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аймақ губернаторы Мюккерем Үнлюэрдің айтуынша, шабуыл жасаған оқушы өз-өзіне қол жұмсаған. Сонымен қатар ол мектепке бірнеше қарумен келген болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Түркияның Ішкі істер министрлігі бұл оқиғаның теракт ретінде қарастырылмайтынын хабарлады. Қылмыстың нақты себебі әзірге белгісіз.
Оқиғаға байланысты Кахраманмараш прокуратурасы қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады. Іске бірнеше прокурор тартылып, оқиға орнында жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.
Қауіпсіздік мақсатында қаладағы мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды. Білім және денсаулық сақтау министрлері өңірге шұғыл аттанды.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Билік өкілдері оқиғаға қатысты қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.