Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес», дей келе, жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын қарқынды жүргізуді тапсырған еді. Бұл туралы "Egemen Qazaqstan" басылымына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Осы орайда Түркістан облысында туризм саласына инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айта кетелік. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін жыл соңына дейін 55,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған болса, ол 6 ай қорытындысымен 33 млрд теңгеге орындалды. Яғни жоспардың 59%-ын құрап отыр. Биыл туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестиция көлемі де айтарлықтай артып отыр. Нақты айтқанда, туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражат жаңа туристік нысандардың құрылысын жүргізуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және сервистік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталып отыр. Жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар қатарында «Lords Heir», «Khan Palace 2», «Yassy Hall and Apartments» сияқты қонақүйлер мен «Болашақ құрылыс» ЖШС-ның демалыс аймағы бар. Жобалар іске қосылған соң, өңірде қызмет көрсету сапасы едәуір жақсарып, туристер санының өсуіне ықпал етуге тиіс.
Жалпы алғанда, биыл облыста 27 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобаларға 26,3 млрд теңге көлемінде қаржы тартылып, нәтижесінде, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар туристік инфрақұрылым саласында 11,3 млрд теңге көлеміндегі 6 жоба жүзеге асырылады. Осы жобалардың барлығы туризмді экономиканың драйвер саласына айналдыруға бағытталған.
Облыста туризм саласын дамыту жөнінде 2025–2029 жылдарға арналған қадамдық жоспар бекітіліп, жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Жақында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі туризм саласын жандандыру бағытындағы жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланды. Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне бекітілген индикаторларды мерзімінде орындау керектігін ескертіп, жауапты сала басшыларына қызмет сапасын арттыру, туристік орындарды абаттандыру, инвестиция тарту бойынша бірқатар тапсырма берді. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін ішкі туристер санын – 350 мың, шетелдік туристер санын 18 мың адамға жеткізу жоспарланған. Қазіргі көрсеткіштер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 166,2%-ға артқан. Ал e-qonaq платформасында облыстағы шетелдік туристердің саны 2025 жылдың 6 айында 23,6 мың адамды құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 есеге артқан. Орналастыру орындарының нөмірлік қорларын арттыру бойынша бүгінде төсектік орындар саны 10 219-ға жетіп, бекітілген индикатор 126,4% орындалған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Төлеби ауданында орналасқан демалыс орындарының саны 118-ден 194-ке, ал Сарыағаштағы шипажайлардың саны 63-ке жетті. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, 2029 жылға дейін өңірдегі туристер санын 1 млн адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарланған. Туристік инфрақұрылым ауқымы жылдан-жылға артып келе жатқан облыста 245 қонақүй, 298 демалыс орны мен 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Аталған нысандар тек туристерді қабылдаумен, оларға қызмет көрсетумен шектелмей, сонымен қатар мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша табиғи нысандарға келушілер саны 80,2 мың адамды құраса, тарихи орындарға келгендер саны 520,7 мыңға жетті. Бұл көрсеткіштер халықтың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығы артып келе жатқанын білдіреді. Өңірде шетелдік туристердің ағыны да артып келеді. Қытай, Жапония, Германия, Италия елдерінен келетін туристер саны өсіп отыр.
Облыстың туристік әлеуетін арттыру мақсатында басқарма тарапынан Халықаралық туризм альянсына мүшелікке ұсыныс берілген. Биыл қараша айында мүшелікке қабылдануы тиіс. Сондай-ақ Қытайдың Шанхай қаласында Түркістан облысының туризмін таныстыратын «Визит Түркістан» ақпараттық орталығы ашылған. Түркия елінің «Аlbayrak Media Group», «Аnadolu», TURSAB ұйымдарымен байланыс орнатылып, Түркияда Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. Одан бөлек, отандық және шетелдік байланыс жұмыстарының нәтижесінде тұрақты түрде 18 туристік компаниямен серіктестік орнатылып, аталған компаниялар облысқа наурыз-маусым айларының аралығында 19 650 туристі алып келді.
Фото: Түркістан облысы әкімдігі