Түркістан облысы Отырар ауданында 31 жастағы әйел төрт баласымен бірге жоғалып кеткен. Қазіргі таңда олардың жүрген жері белгісіз, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, оған оқырмандарынан Отырар ауданында бір отбасының жоғалғаны туралы хат келген.
Журналистің мәліметінше, 6 шілде күні түнде әйелдің анасы мен енесі оның жағдайын білуге келгенде, үйден Ұлдана мен төрт баласын таппаған. Күйеуі вахталық жұмыста болған. Туыстары әйел мен балаларды біраз уақыт өздері іздегеннен кейін полицияға хабар берген.
Туыстарының айтуынша, Ұлдана ақкөңіл, сенгіш адам болған. Олар оның алдау-арбауға түсіп қалуы мүмкін бе деп алаңдайтынын жеткізген.
Гүлмира Әбіқай жазбасында төрт баласы бар әйелдің бірнеше күннен бері табылмай жатқанына алаңдаушылық білдірген.
"Шиеттей төрт баламен бір түнде қайда ғайып болуы мүмкін? Әдетте, баламен жүрген әйел елдің көзіне бірден түседі емес пе?! Бірақ, алты күннен бері Ұлдана мен төрт баласын көрдім-білдім деген жан жоқ", – деп жазды журналист.
Сондай-ақ ол бір отбасы мүшелерінің жоғалуына байланысты қоғамның алаңдап отырғанын атап өткен.
"Бір отбасы түгел жоғалды десе, Сұлтаннан соң қорқып қалдық қой өзі. Бұлар аман болса екен", – деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Журналист бұл сөзінде бұған дейін қоғам назарын аударған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты оқиғадан кейінгі алаңдаушылығын жеткізген.
Қазіргі уақытта аталған жағдайға қатысты Түркістан облысының Полиция департаментіне сұрау жолданды. Ведомствоның жауабы күтілуде.