Түркістан облысының Леңгір қаласында түн ішінде белгісіз адамдар тұрғын үйге басып кіріп, үй иесін бірнеше сағат бойы ұрып-соққан. Шабуыл таңғы сағат 05:00-ге дейін жалғасқан, деп хабарлайды Malim.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, бетперде киген бірнеше адам әйелді байлап, үйде ұстаған. Шабуыл кезінде тұрғын үйдің терезелері сындырылып, ішіндегі заттар шашылып қалған.
Күдіктілер үйден ақша іздеген болуы мүмкін. Оқиға орнынан кетер алдында олар жәбірленушінің ұялы телефонын да алып кеткен.
Әлеуметтік желіде тараған видеода әйелдің денесінде көптеген жарақат барын, бетінің қатты ісінгенін көруге болады. Қазір оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктілерді тез арада ұстауға бағытталған кешенді тергеу және жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында», – деп хабарлады полиция.
Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің басқа да деректері әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.