Malim.kz
MALIMet

Тушьді 3 айдан артық қолданасыз ба? Косметичкадағы қауіпті әдеттер

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Әдемі қаптамасы, қымбат бағасы немесе өнімнің әлі таусылмағаны оның шексіз қолдануға жарайтынын білдірмейді. Көп әйел сүйікті тушін, тоналды кремін немесе қылқаламын "әлі бар ғой" деп айлап, тіпті жылдап пайдалана береді. Алайда косметика уақыт өте кеуіп, құрамы өзгеріп немесе микроорганизмдермен ластануы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.

АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) әсіресе көз маңына қолданылатын косметиканың жарамдылық мерзімі қысқалау екенін ескертеді. Ал Америкалық дерматология академиясы макияжға арналған құралдарды дұрыс тазаламау безеу, бөртпе және инфекция қаупін арттыруы мүмкін екенін айтады.

Тушьді "біткенше" қолдануға болмайды

Көпшіліктің косметичкасында бірнеше ай бұрын ашылған тушь жүруі мүмкін. Бірақ FDA көзге арналған косметика арасында тушьге ерекше назар аударады.

Мамандар өндірушілер тушьді әдетте ашылғаннан кейін шамамен 2-4 ай аралығында ауыстыруды ұсынатынын жазады. FDA-ның тұтынушыларға арналған кеңесінде тушьді сатып алғаннан кейін үш ай өткен соң тастау ұсынылады.

Себебі тушьді әр қолданған сайын оның щеткасы кірпікке тиеді де, қайтадан құтының ішіне түседі. Осылайша өнімге бактерия мен саңырауқұлақ түсуі мүмкін.

Сондықтан "әлі кеуіп қалған жоқ" деген белгі оның қауіпсіз екенін білдірмейді.

Кеуіп қалған тушьге су құюға болмайды

Тушь қоюланып немесе кеуіп қалса, оған су тамызып "тірілтіп" алатындар бар.

FDA мұны жасамауды ұсынады.

Су өнімге қосымша микроорганизм түсіруі мүмкін әрі косметиканы микробтардың көбеюінен қорғайтын консерванттардың концентрациясын төмендетуі ықтимал.

Тіпті тушьді сілекеймен сұйылту одан да қауіпті. Ауыз қуысындағы бактериялар косметикаға түсіп, кейін көзге жұғуы мүмкін.

Егер тушь кеуіп қалса, ең қауіпсіз шешім – жаңасын алу.

Көзіңіз қабынса, сол кезде қолданған косметиканы сақтап қоймаңыз

Конъюнктивит немесе көз айналасындағы басқа инфекция кезінде қолданылған тушь, көз қарындашы немесе басқа көз косметикасын кейін қайта қолдану дұрыс емес.

FDA инфекция кезінде пайдаланылған көз косметикасын тастауды ұсынады.

Өйткені өнім ластануы мүмкін. Көз жазылғаннан кейін сол косметиканы қайта қолдану микроорганизмдерді қайтадан көз маңына жеткізу қаупін тудырады.

Құрбыңыздың тушін "бір рет қана" пайдалану да дұрыс емес

Макияжды бір-бірімен бөлісу үйреншікті жағдай болуы мүмкін. Әсіресе тойға немесе қонаққа дайындалғанда бір-бірінің тушін, ерін далабын, қылқаламын пайдалану кездеседі.

Алайда FDA косметиканы бөліспеуді ұсынады. Себебі басқа адамның микроорганизмдері өнім арқылы екінші адамға берілуі мүмкін.

Дүкендегі ашық тестерлерге де сақ болған жөн. FDA мұндай өнімдерді пайдаланған жағдайда бір реттік аппликатор қолдануды ұсынады.

Қылқаламды соңғы рет қашан жудыңыз?

Косметиканың өзінен бөлек, оны жағатын құралдардың тазалығы да маңызды.

Америкалық дерматология академиясының дерматологтары макияж қылқаламдарын әр 7-10 күн сайын жууды ұсынады.

Қылқаламға косметика қалдығы ғана емес, тері майы, шаң және басқа да ластану жиналады. AAD дерегінше, лас қылқаламдар безеу мен бөртпеге ықпал етіп, кей жағдайда тері инфекцияларына себеп болуы мүмкін.

Қылқаламды жылы сумен және жұмсақ тазартқыш құралмен жуып, көлденең күйде кептірген жөн.

Ал бьюти-блендерді ше?

Макияж губкасы теріге тікелей тиіп, тоналды крем мен ылғалды өзіне сіңіріп алады.

Америкалық дерматология академиясының кеңесі бұдан да қатаң: макияж губкасын әр қолданғаннан кейін тазалаған дұрыс.

Оны жылы су мен тазартқыш құрал арқылы жуып, жақсылап шайып, таза жерде толық кептіру қажет.

Ылғал күйде жабық косметичкаға салып қою дұрыс емес.

Косметиканы ваннада сақтауға бола ма?

Ыңғайлы болғандықтан көптеген әйел кремдері мен косметикасын жуынатын бөлмеде сақтайды.

Алайда FDA ылғалдың кейбір косметикалық өнімдерде бактериялар мен саңырауқұлақтардың өсуіне қолайлы жағдай туғызуы мүмкін екенін ескертеді.

Температураның өзгеруі, күн сәулесі мен ауа әсері косметиканың түсін, иісін және құрылымын өзгертуі ықтимал.

Сондықтан косметиканы құрғақ әрі таза жерде, бөлме температурасында және тікелей күн сәулесінен аулақ сақтаған дұрыс.

"Гипоаллергенді" деген жазу аллергия болмайтынына кепіл емес

Қаптамадағы "hypoallergenic" сөзіне толық сеніп қалудың қажеті жоқ.

FDA бұл атаудың өнім ешқашан аллергия тудырмайды деген мағына бермейтінін ескертеді. Сол сияқты "natural" немесе "organic" деген жазу да өнім автоматты түрде қауіпсіз деген сөз емес.

Сондықтан жаңа косметиканы қолданғанда тері қызарып, қышып, ашып немесе бөртпе пайда болса, оны қолдануды тоқтатқан жөн.

Безеуге бейім теріге қандай косметика таңдаған дұрыс?

Америкалық дерматология академиясы безеуге бейім адамдарға қаптамасында "non-comedogenic", "won’t clog pores" немесе "oil-free" деген белгісі бар өнімдерді таңдауға кеңес береді.

Бірақ косметика жаққаннан кейін безеу көбейсе, сол өнімді қолдануды тоқтатып көрген жөн.

Сондай-ақ ұйықтар алдында макияжды толық кетіру маңызды. Дерматологтар макияжды тазалап болған соң бетті жұмсақ тазартқыш құралмен жууды ұсынады.

Косметиканы қашан бірден тастаған дұрыс?

Егер косметиканың иісі бұрынғыдан өзгерсе, түсі немесе құрылымы бұзылса, өнім қабаттарға бөлінсе немесе көзіңіз бен теріңізді тітіркендірсе, оны қолдануды жалғастырмаған дұрыс.

Өнімнің қаптамасындағы жарамдылық мерзімі мен ашылғаннан кейін пайдалану мерзімін де тексеріңіз.

Ал ең қарапайым әдіс – жаңа косметиканы ашқан күнді қаптамасына жазып қою. Бірнеше ай өткен соң "мұны қашан ашып едім?" деп ойланбайсыз.

Қысқасы, косметичканы анда-санда тазалап тұру – жай ғана тәртіп мәселесі емес. Әсіресе көзге арналған ескі косметикадан уақытында бас тарту, қылқалам мен губканы үнемі жуу және косметиканы басқа адаммен бөліспеу тері мен көз саулығын қорғауға көмектеседі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары