Malim.kz
MALIMet

Түсіңізде қайтыс болған адамды көру нені білдіреді?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Өмірден өткен жақынымыздың түсімізге кіруі кейде көңілімізді жұбатса, кейде көңілге күдік ұялатып, түрлі ойға жетелейді. Бірі мұны аян деп қабылдаса, енді бірі сағыныштың белгісіне балайды. Ал ғылым мен дін мұндай түстерді қалай түсіндіреді? Malim.kz осы сұраққа жауап іздеп көрді.

Қазақ халқы марқұмның түске кіруін қалай жорыған?

Қазақ халқы ертеден түс көруге және оны жоруға ерекше мән берген. Ел арасында "Түс – түлкінің боғы" деген сөз де, "Түсті жақсылыққа жоры" деген ұғым да бар.

Фольклортанушылардың еңбектеріне сүйенсек, қазақтың аңыз-әңгімелерінде, батырлар жырында және басқа да әдеби мұраларында аруақтың түске кіріп, аян беруі, бата беруі немесе алдағы оқиғадан хабардар етуі жиі кездеседі.

Халық арасында марқұм түсіне кіргенде оның рухына Құран бағыштап, садақа беретіндер де кездеседі. Дегенмен мұндай түсті міндетті түрде жамандықтың немесе алда болатын оқиғаның белгісі деп қабылдауға негіз жоқ.

Неліктен қайтыс болған адам түсімізге кіреді?

2014 жылы American Journal of Hospice and Palliative Medicine ғылыми журналында жарияланған зерттеуге жақынынан айырылған 278 адам қатысқан.

Зерттеу нәтижесінде қатысушылардың 58 пайызы қайтыс болған жақынын түсінде көргенін айтқан. Ал мұндай түс көргендердің шамамен 60 пайызы оның қайғымен күресуіне әсер еткенін жеткізген.

Зерттеуге қатысушылар көбіне мынадай түс көрген:

• Марқұммен бірге өткізген бақытты сәттер;

• Қайтыс болған адамның ауруынан айығып, сау күйінде жүруі;

• Марқұммен әңгімелесу;

• Оның көңілді немесе тыныш күйде болуы;

• Өмірден өткен адамның қандай да бір хабар айтуы.

Кейбір қатысушылар мұндай түстен кейін көңілі орнына түскенін айтса, енді бірінің сағынышы күшейген.

Марқұм түсіңізде күліп жүрсе

Қайтыс болған жақыныңызды көңілді, күлімдеген немесе дені сау күйінде көру жағымды естеліктермен байланысты болуы мүмкін.

Мысалы, адам өмірден өтер алдында ұзақ уақыт сырқаттанса, жақындары оны түсінде бұрынғы сау қалпында көруі ықтимал. Мұндай түс көңілге медеу болып, марқұмды жақсы күндеріндегі бейнесімен еске алуға септігін тигізуі мүмкін.

Алайда бұл марқұмның о дүниедегі жағдайын нақты білдіреді деген сөз емес.

Марқұм түсіңізде сөйлессе

Кейде адам түсінде қайтыс болған анасымен, әкесімен немесе басқа да жақынымен әңгімелеседі. Тіпті оянған соң оның айтқан сөздерін анық есіне түсіріп жатады.

Мұндай түстер өмірде айтылмай қалған сөздермен, аяқталмаған әңгімемен, сағынышпен немесе жақынының ақыл-кеңесіне деген мұқтаждықпен байланысты болуы мүмкін.

Мәселен, адам маңызды шешім қабылдар тұста өмірден өткен әкесін түсінде көруі ықтимал. Өйткені әкесінің бұрын айтқан ақылы мен өмірлік ұстанымдары оның жадында сақталған. Дегенмен әр түстің себебін осылай біржақты түсіндіру мүмкін емес.

Марқұм түсіңізде жыласа немесе ренжісе

Мұндай түс көрген адам марқұмның өзіне ренжіп жүргенін ойлап, алаңдауы мүмкін.

Психологиялық тұрғыдан бұл адамның өз бойындағы өкініш, кінәлілік сезімі немесе жақынын жоғалтқаннан кейінгі күйзеліспен байланысты болуы ықтимал.

Кейде тірісінде айта алмаған жылы сөздер, кешірім сұрап үлгермеу немесе соңғы рет жүздесе алмау адамның көңілінде қалып қояды. Осындай сезімдер түс мазмұнынан да көрініс табуы мүмкін.

Қайтыс болған адам түсіңізге қайта-қайта кірсе

2026 жылдың сәуірінде Sleep Medicine ғылыми журналында марқұмдардың түске кіруіне қатысты ауқымды ғылыми шолу жарияланған.

Ғалымдар бұл құбылыстың түрлі мәдениет пен қоғамда кең таралғанын анықтаған. Зерттеу қорытындысына сәйкес, жақынын түсінде көру адамның қайғыны қабылдауына, сағынышын жеңілдетуіне және өмірден өткен адаммен рухани байланысын сезінуіне ықпал етуі мүмкін.

Сондықтан марқұмның араға бірнеше жыл салып немесе жиі қайталанып түске кіруі міндетті түрде тылсым құбылысты білдірмейді.

Ислам дінінде мұндай түс қалай түсіндіріледі?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндіруінше, исламда түстің үш түрі бар:

• Алладан болатын ізгі түс;

• Адамды қорқытып, қайғыртатын түс;

• Адамның күндіз ойында жүрген нәрселерінің түсінде көрінуі.

Түс – адам жанының әлі де толық зерттеліп бітпеген құбылыстарының бірі. Қазақ танымында оған рухани мән берілсе, ғылым мұндай түстерді естелік, сағыныш және адамның ішкі сезімдерімен байланыстырады. Ал түстің болашақтағы оқиғаны дәл болжайтыны ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары