Malim.kz
Құқық

Тыйым салынған контентті репост жасағандар жазаланады

Айбын Атабай
pixabay.com

Қаржылық мониторинг агенттігі ақпараттық кеңістікте құқыққа қайшы контенттің бар-жоғын тексеру ережелерін әзірледі. Ережені бұзғандарға бұғаттау, әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ережелерді бекіту туралы бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатқа сәйкес, ҚМА өз құзыреті шегінде ақпараттық кеңістікте құқыққа қайшы контенттің бар-жоғын тексеретін болады.

Нені тексереді

Агенттік ашық дереккөздерде жарияланған ақпаратты тексеріп, талдайды. Олардың ішінде:

интернет-ресурстар;

әлеуметтік желілер;

мессенджерлер;

бұқаралық ақпарат құралдары;

басқа да ақпараттық-коммуникациялық платформалар бар.

Сонымен қатар агенттік мониторингті дербес деректер және оларды қорғау туралы заңды сақтай отырып жүргізетінін мәлімдеді.

Құқыққа қайшы контент үшін не болады?

Егер құқыққа қайшы контент анықталса, ҚМА мынадай шаралар қолданады:

егер қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады;

егер қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға жіберіледі;

егер телекоммуникация желілерінде Қазақстан заңдарымен немесе күшіне енген сот шешімдерімен таратуға тыйым салынған немесе шектелген материалдар анықталса, оларды кейіннен бұғаттау үшін бұқаралық ақпарат саласындағы уәкілетті органға ақпараттық жүйе арқылы хабарлама жіберіледі.

Мұндай хабарлама жіберген кезде қаржылық мониторинг органы ақпараттық жүйеде мынадай деректерді толтыруы тиіс:

енгізілген мәліметтердің негіздемесі мен заңдылығы;

анықталған материалдардың құқыққа қайшы екенін дәлелдейтін скриншоттар.

Қандай контент құқыққа қайшы болып саналады

«Ашық НҚА» порталында жарияланған бұйрық жобасында айтылғандай, бұл ережелер құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң аясында әзірленген. Бұл заңды Парламент өткен жылы қабылдаған.

Заң жобасы Мәжілісте қаралған кезде құқыққа қайшы контентті орналастыру және тарату үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу туралы айтылған болатын. Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңға сәйкес, құқыққа қайшы контентке мыналарды насихаттау, үгіттеу немесе шақыру жатады:

конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуға;

мемлекеттің қауіпсіздігін әлсіретуге;

соғысқа;

әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық немесе рулық үстемдікке;

қатыгездік пен зорлық-зомбылық культіне, суицидке, порнографияға, есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтары мен прекурсорларына;

сепаратизм, алаяқтық идеяларына, сондай-ақ ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға ықпал ететін ақпаратқа.

Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттілігі мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын басқа да құпияларды жариялайтын ақпарат және заңдармен тыйым салынған өзге де мәліметтер құқыққа қайшы контентке жатады.

Репост үшін де жаза болады

Заң жобасы Парламентке түскеннен кейін әлеуметтік желілерде тыйым салынған контентті жариялағаны үшін ғана емес, оны репост жасағаны үшін де жаза қолданылуы мүмкін деген болжамдар тарады.

Бұл ақпаратты Tengrinews.kz тілшісіне сол кезде мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов растаған. Оның айтуынша, құқыққа қайшы контент үшін тек оны жасағандар ғана емес, оны репост жасағандар да жауапқа тартылады.

Депутаттың сөзінше:
«Мұнда бәрі анық: кім оны көбейтеді, таратады, жариялайды — барлығы жауапқа тартылады. Егер адам видео түсіріп, оны өз парақшасына орналастырса, әрине, жазаға тартылады. Егер адам сол видеоны, мысалы құқыққа қайшы контентті, репост жасаса, онда ол да заңның тиісті бабына сәйкес жауап береді», — деді ол.

Магеррамов сондай-ақ егер адам өз парақшасында зорлық-зомбылыққа шақыратын, қатыгездікті насихаттайтын немесе жоғарыда аталған қылмыстарды насихаттайтын өзге біреудің видеосын жариялап, оны заңға қайшы екенін көрсетсе де, ол бәрібір құқыққа қайшы контентті таратушы ретінде есептелетінін айтты.

Еске сала кетейік, өткен жылы Қазақстанда ірі онлайн-платформаларды — әлеуметтік желілерді, видео сервистерді, маркетплейстерді және басқа платформаларды — ел аумағында өкілдік немесе филиал тіркеуге міндеттейтін заңнамалық өзгерістер дайындалып жатқаны туралы жазған едік. Әйтпесе, оларға бұғаттау қаупі төнеді. Бұл норма онлайн-платформалардың қызметін реттейтін заң жобасында қарастырылған. Қазіргі уақытта ол талқылау кезеңінде және әлі күшіне енген жоқ.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары