Malim.kz
Білім-ғылым

ҰБТ кезінде 69 талапкер тыйым салынған затпен ұсталды

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы екі аптасы қорытындыланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, 67 мыңнан астам адам бағын сынап үлгерген. Алайда қатаң бақылау шараларының нәтижесінде 100-ден астам қатысушы ереже бұзғаны үшін тестілеуден шеттетіліп, олардың нәтижелері жойылды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 2 наурызда басталған ҰБТ-ның алғашқы екі аптасында 67 мыңнан астам талапкер тестілеуден өтті. Талапкерлердің 66,99%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 32,88%-ы орыс тілінде және 85 адам ағылшын тілінде тапсырды.

Екі апталық тестілеу қорытындысы бойынша талапкерлердің 61%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 59 балды құрады. Ең жоғары нәтиже - 136 балл. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 192 талапкер қатысты, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің екі аптасы бойынша 117 ереже бұзушылық анықталды. 69 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 48 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ, - деді ведомстводан. 

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 184 мыңға жуық өтініш келіп түскен.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары