Malim.kz
Білім-ғылым

ҰБТ-ны тапсырғандардың 71%-ы қазақ тілін таңдаған

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

2026 жылғы 2 наурызда басталған ҰБТ-ны бүгінгі күнге дейін 117 мыңнан астам адам өтті. Талапкерлердің 71,6 %-ы тестілеуді қазақ тілінде, 28,3%-ы орыс тілінде және 111 адам ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67,11 %-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 63 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 139 балл.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 283 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің үшінші аптасында 179 ереже бұзушылық анықталды. 97 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 82 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды.

Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 184 мыңға жуық өтініш келіп түсті.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары