2026 жылғы 10 мамырда басталған негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) аясында бүгінгі күнге дейін тестілеу 41 мыңнан астам рет тапсырылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомство мәліметінше, талапкерлердің басым бөлігі тестілеуді қазақ тілінде тапсырған. Атап айтқанда, қатысушылардың 67%-ы қазақ тілін таңдаса, 33%-ы орыс тілінде тест тапсырған. Сонымен қатар 103 адам ағылшын тілінде емтихан тапсырған.
Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 57%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа нәтиже 58 балды құрады. Ал ең жоғары көрсеткіш – 138 балл болды.
Министрлік ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін де қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті. Соның нәтижесінде ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 134 талапкер қатысқан.
Сондай-ақ ведомство талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты апелляция беру құқығы бар екенін еске салды. Апелляция тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде қабылданады. Ал техникалық ақауларға қатысты өтініштер тестілеу барысында бірден қаралады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляцияларды қарау аяқталған соң жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
ҰБТ өткізудің алғашқы аптасында ережелерді бұзудың 86 фактісі тіркелген.
Оның ішінде 46 талапкер смартфондар, смарт көзілдіріктер, микроқұлаққаптар, шпаргалкалар және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 40 адам тестілеу барысында ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Министрлік мәліметінше, өзге адамның орнына кіру деректері анықталмаған.
Сонымен қатар 2026 жылғы ҰБТ толық аяқталғаннан кейін осы жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу жағдайлары анықталса, тестілеу нәтижелері күшін жояды.
Еске салсақ, биыл ҰБТ-ға қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген. Екі мүмкіндік есепке алынғанда, қабылданған өтініштердің жалпы саны 446 мыңнан асты.