Malim.kz
Білім-ғылым

ҰБТ тапсырған түлектердің орташа балы 64 болған

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сы басталғаннан бері 139 мыңға жуық адам өтті. Талапкерлердің 76%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде және 86 адам ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Екі аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 69%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 328 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

«Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады. ҰБТ-ны өткізудің үш аптасында 244 ереже бұзушылық анықталды. 152 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 92 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ. 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады», – делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Айта кетерлігі, тестілеуге 187 мыңға жуық өтініш түскен.

Біз бұған дейін талапкерлердің үштен бірі ҰБТ-ны орысша тапсырғанын жазған едік.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары