Бес жыл кездескен жігітімен шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген бойжеткен оның жасырын үй сатып алғанын білген соң, тойдан бас тартқанын айтты. Оған сүйіктісінің баспананы анасымен бірге алып, болашақ өміріне қатысты шешімді өзімен ақылдаспай қабылдағаны ауыр тиген, деп хабарлайды Malim.kz.
Басылым 2025 жылғы наурызда Reddit қолданушысының жазбасын жариялаған. Ондағы оқиға бойжеткеннің өз әңгімесіне негізделген.
28 жастағы жазба авторының айтуынша, ол 30 жастағы сүйіктісімен болашақтарын талай рет талқылаған. Екеуі ақша жинап, өздеріне ұнайтын баспана сатып алуды, балалы болуды жоспарлаған. Алайда жігітінің үй іздеп жүргенінен де хабарсыз болған.
Кейін белгілі болғандай, жігіттің анасы жалдамалы пәтерде тұруды тоқтатқысы келіп, ұлына баспананы бірге сатып алуды ұсынған. Жігіт келіскен. Ал болашақ жары бұл келісім туралы бәрі шешілгеннен кейін ғана білген.
Бойжеткен өзін осы жоспардың қай жерінен көретінін сұрағанда, сүйіктісі оған да сол үйге көшіп келуге болатынын айтқан. Бірақ қалыңдық үшін бірге таңдап, ортақ шаңырақ етуге тиіс баспанаға кейіннен қосылу мүлде басқа нәрсе болған.
Жазба авторының сөзінше, жігіті оның ақша жинауын тым ұзақ күткенін, ал анасының ұсынысы баспаналы болуды тездеткенін түсіндірген. Осы жауаптан кейін бойжеткен біраз уақыт бөлек болып, қарым-қатынасты қайта ой елегінен өткізген.
Ақырында ол тойды тоқтатқанын жазған. Жігіттің туыстары бұл шешімді түсінбей, оны мәселені ұлғайтып отыр деп кінәлаған. Ал бойжеткен үшін басты түйткіл үйдің кімге тиесілі екенінде емес, екеуінің болашағына қатысты маңызды шешімде өзінің пікірі ескерілмегенінде болған.