Malim.kz
Денсаулық

Үйде бәрі неге кезекпен ауырады?

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Күз бен қыс басталғанда көптеген отбасында таныс жағдай қайталанады: алдымен баланың тамағы ауырады, бірнеше күннен кейін анасы жөтеле бастайды, артынша үйдегі басқа адамдар ауырып қалады. Мұны көбіне "күн суытты", "иммунитет төмендеді" деп түсіндіреміз. Алайда ғалымдар мәселе тек даладағы суықта емес, үйдің ішіндегі ауада да болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Malim.kz. 

Әсіресе Қазақстанның қысы суық өңірлерінде жылыту жүйесі қосылғаннан кейін бөлме ішіндегі ауа құрғауы мүмкін. Терезелер сирек ашылып, отбасы мүшелері уақыттың көп бөлігін жабық кеңістікте өткізеді. Мұндай жағдайда респираторлық вирустардың бір адамнан екіншісіне тарауына қолайлы орта қалыптасуы мүмкін.

Құрғақ ауа ағзаның қорғанысына әсер ете ме?

Мұрын мен тыныс жолдарының ішкі қабаты жай ғана ауа өткізетін жол емес. Ондағы шырыш пен ұсақ кірпікшелер ағзаға түскен бөгде бөлшектер мен микроағзаларды сыртқа шығаруға көмектеседі.

Nature Immunology журналында жарияланған ғылыми шолуда төмен ылғалдылықтың тыныс жолдарының қорғаныс механизмдеріне әсерін зерттеген тәжірибе сипатталған. Тышқандарға жүргізілген зерттеуде құрғақ ортада тыныс жолдарының вирусты тазарту қабілеті нашарлап, тіндердің қалпына келуі баяулаған. Бұл тәжірибе адам ағзасына тікелей теңестірілмейді, алайда ауа ылғалдылығы мен тыныс жолдарының қорғанысы арасында биологиялық байланыс бар екенін көрсетеді. 

Сондықтан "суық ауа адамның өзін-өзі вируспен ауыртады" деу дұрыс емес. Тұмау мен басқа респираторлық ауруларды вирустар тудырады. Бірақ суық мезгілдегі құрғақ ауа мен адамдардың жабық жерде ұзақ отыруы олардың таралуына әсер ететін факторлардың бірі болуы мүмкін.

Үйдегі ылғалдылық қанша болуы керек?

АҚШ Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA) үйдегі салыстырмалы ауа ылғалдылығын 30–50 пайыз шамасында ұстауды ұсынады. 

Демек, үйді барынша ылғалдандыру да дұрыс шешім емес.

Егер ылғалдылық шамадан тыс жоғарыласа, қабырға мен терезелерде конденсат пайда болып, зеңнің өсуіне жағдай жасалуы мүмкін. Ылғалды әрі жылы орта үй шаңы кенелерінің көбеюіне де қолайлы. Ал олар аллергиясы немесе астмасы бар адамдарға қосымша проблема туғызуы мүмкін. 

Үйдегі жағдайды көзбен анықтаудың орнына қарапайым гигрометрмен тексеруге болады.

Терезені ашудың пайдасы бар ма?

Бар.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) респираторлық вирустардың жабық, адам көп және ауасы нашар айналатын бөлмелерде оңайырақ тарайтынын жазады. Бөлмеге сырттан таза ауа кіргізу ауадағы вирус бөлшектерінің концентрациясын азайтуға көмектеседі. 

Мысалы, мектептен немесе жұмыстан келген адамның бойында ауру белгілері әлі байқалмай тұрып-ақ инфекция болуы мүмкін. Егер бірнеше адам кеш бойы жабық бөлмеде отырса, ауадағы жұқпалы бөлшектермен байланыс ықтималдығы артады.

Сондықтан мүмкіндік болған кезде бөлмені желдету – қарапайым, бірақ ғылыми негізі бар профилактикалық шаралардың бірі.

Ылғалдатқыштың өзі инфекция таратуы мүмкін

Үйге ауа ылғалдатқыш сатып алу мәселені автоматты түрде шешпейді.

CDC мәліметінше, құрылғының ішінде тұрған суда микроағзалар көбейіп, кейін олар бу немесе ұсақ су тамшыларымен бірге ауаға тарауы мүмкін. Сондықтан портативті ылғалдатқыштағы суды күн сайын төгіп, құрылғыны өндірушінің нұсқаулығына сәйкес үнемі тазалап, кептіріп отыру ұсынылады. 

Яғни бірнеше апта бойы суын ғана толықтыра беретін лас ылғалдатқыш пайданың орнына жаңа мәселе туғызуы ықтимал.

Бір адам ауырса, бүкіл отбасы міндетті түрде ауыра ма?

Жоқ.

CDC респираторлық инфекциялардың таралу қаупін төмендетудің бірнеше негізгі жолын көрсетеді: бөлме ауасын жаңарту, қолды жиі жуу, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз-мұрынды жабу және жиі ұстайтын беттерді таза ұстау. 

Ал отбасының бір мүшесінде дене қызуы, жөтел, мұрыннан су ағу немесе басқа респираторлық белгілер пайда болса, мүмкіндігінше басқа адамдармен жақын қарым-қатынасты азайту ұсынылады. Әсіресе үйде қарт адам, кішкентай бала немесе ауыр инфекцияға осал адам болса, бұл маңызды. 

Сонымен, отбасының күз бен қыста жиі ауыруын тек "иммунитет әлсіз" деп түсіндіру жеткіліксіз. Үйдегі ауа да маңызды факторлардың бірі. Бөлмені жүйелі желдету, ылғалдылықты шамамен 30–50 пайыз деңгейінде ұстау, ылғалдатқышты таза пайдалану және қарапайым гигиенаны сақтау инфекция қаупін азайтуға көмектеседі.

Ал сарымсақ жеу немесе үйге пияз қойып қоюдан гөрі, кейде терезені ашып, гигрометрге бір қарап қоюдың ғылыми негізі әлдеқайда мықты.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары