Азия ойындарының чемпионы, қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан жанкүйерлердің жеке өміріне қатысты сауалына жауап беріп, алдағы спорттық мақсатын бөлісті, деп Malim.kz тілшісі Tizgin.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Боксшы TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында оқырмандардың сұрақтарына жауап берген. Жанкүйерлердің бірі оның қызы бар-жоғын сұраған.
Төрехан Сабырхан қазір ешкіммен қарым-қатынаста емес екенін айтып, жеке өмірден гөрі спортқа басымдық беріп жүргенін жеткізді.
"Қызым жоқ. Ешкіммен жүрмеймін. Тіпті үйленуге де уақыт жоқ", – деді ол.
Сондай-ақ спортшы Азия ойындарының финалындағы жеңісі туралы айтып, жекпе-жекке ерекше дайындықпен шыққанын жеткізген.
"Финалда алтын алу үшін емес, тек есе қайтару үшін барымды салдым", – деді боксшы.
Төрехан Сабырхан алдағы уақытта кәсіпқой боксқа ауысу жоспары бар екенін де жасырмады. Алайда оған дейін Олимпиада чемпионы атануды көздейді.
"Азия ойындарының алтынын алдық. Енді Олимпиада чемпионы болғым келеді. Одан кейін бір күні мені Америкада бокстасып жүргенімді көресіздер", – деді Төрехан Сабырхан.
Төрехан Сабырхан кім?
Төрехан Айдарханұлы Сабырхан – 2006 жылғы 13 ақпанда Түркістан облысының Маятас ауылында дүниеге келген қазақстандық боксшы. Қазіргі таңда Маятас Шымкент қаласының аумағына кіреді. Спортшы жарыстарда Түркістан облысының атынан өнер көрсетеді.
Ол бокспен сегіз жасынан бастап айналыса бастаған. Алғашқы әрі қазіргі бапкері – Ілияс Оралбеков. Төреханның туған ағасы Махмұд Сабырхан да танымал қазақстандық боксшы, әлем чемпионы. Ағайынды Сабырхандар алғашқы жаттығуларын ауыл мектебінің тарих кабинетінде өткізген.
Төрехан жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы атанды. 2024 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 2025 жылы ересектер арасындағы World Boxing әлем чемпионатында 70 келі салмақта әлем чемпионы болды. 2026 жылы Азия чемпионатында күміс жүлде алып, сол жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді.
2026 жылғы Азия ойындарының финалында ол Иордания өкілі Зейяд Ишашты 5:0 есебімен жеңді. Бұл Қазақстан боксы үшін Азия ойындарындағы 12 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы алтын медаль болды.
Төрехан Сабырханның ендігі негізгі мақсаты – 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында чемпион атану. Спортшы Олимпиададан кейін кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін екенін де айтқан.