Malim.kz
Экономика

Үкімет авиация саласын дамыту мәселесін талқылайды

Айбын Атабай
Kazinform/ Canva/ primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселесін талқыға салады.

Отырыс қорытындысына орай, баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев күн тәртібінде қаралған мәселеге қатысты тілшілердің сауалына жауап береді.

Елімізде азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі Мастер-жоспарды (CAMP) әзірлеу жұмыстары басталды. ИКАО сарапшылары әзірлейтін CAMP Қазақстанның азаматтық авиация жүйесін сапалы әрі теңгерімді дамытуға арналған стратегиялық бағдар болмақ.

Жалпы, қазіргі уақытта азаматтық авиация саласын дамыту мемлекеттік деңгейде басты басымдықтардың біріне айналған. Елде әуежай инфрақұрылымын кең көлемде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Отандық авиакомпаниялар жыл сайын Батыста өндірілген заманауи әуе кемелерімен өз әуе паркін жаңартып және ұлғайтып келеді. Сонымен қатар, жалпы авиация, пилотсыз авиация секторы белсенді дамып жатыр және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тәсілдер енгізіліп жатыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша әуе кемелері арқылы 20,8 млн жолаушы тасымалданды, әуежайларда 31,8 млн адамға қызмет көрсетілді. Олардың ішінде Астана (9,2 млн адам) және Алматы (12 млн адам) әуежайлары бар. 2028 жылға дейін 11 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген, оған 4 жаңа әуежай, 2 ұшу-қону жолағы, сондай-ақ 5 қаладағы инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары кіреді. Биыл халықаралық маршруттық желіні 30 елде 135 маршрутқа дейін кеңейту жоспарланып отыр (2024 жылы – 115 маршрут). Шетелдік туристерді тарту мақсатында Вена, Рим, Токио, Шанхай және басқа да бағыттарды қамтитын 15 халықаралық маршрутты ашу және қайта жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Астана және Алматы әуежайларында Q-gate жүйесі енгізілді.
 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары