Malim.kz
Экономика

Үкімет "Бәйтерек" холдингіне кірісті

Ереке Базарқұл
© Үкімет баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын қолдауды күшейту және инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді.

Бұл туралы malim.kz үкіметтің расталған телеграм-арнасына сүйеніп хабарлайды.

Холдингтің қызметін кеңейтуді және оның инвестициялық саясатын жаңартуды ескере отырып, Директорлар кеңесінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары қаралып, бекітілді. Құжат күн тәртібіндегі трансформациялық шараларды жүзеге асыру, корпоративтік басқаруды жетілдіру, бизнесті қолдау құралдарының тиімділігін арттыру және еншілес құрылымдардың инвестициялық қызметін кеңейту мәселелерін қамтиды.

Директорлар кеңесі «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-ның трансформациясын мақұлдады. Инвестхолдингке инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдау бойынша қосымша функциялар беріледі. Негізгі мақсат – капиталды белсенді тарту, ішкі өндірісті және импорт алмастыруды дамыту. Сондай-ақ, шикізаттық емес экспорттың үлесін ұлғайтуға және бәсекеге қабілетті бизнесті қалыптастыруға баса назар аударылуда. Нәтижесінде жоғары өнімді кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Бұл экономиканың сапалы дамуын және халық табысының ұлғаюын қамтамасыз етеді.

Президенттің жалпыға бірдей цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Холдинг басшылығының кәсіпкерлікті қолдау саласына ЖИ құралдарын енгізу бойынша жаңа пайдалы әсер коэффициенті белгіленді. Сондай-ақ, тартылатын шетелдік инвестициялардың көлеміне баса назар аудара отырып, төраға орынбасарларының жетекшілік ететін бағыттары бойынша пайдалы әсер коэффициентін түзету, оң динамиканы қамтамасыз ету үшін қажетті жоспарлы мәндер мен мақсаттарды тұтастай қайта қарау тапсырылды.

Отырыс барысында Тәуекелдер бойынша жиынтық есеп пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің 2025 жылғы III тоқсандағы есебі бекітілді. «Бәйтерек» басшылығы инвестициялық қызметті кеңейту жағдайында қаржы моделінің тұрақтылығы және корпоративтік тәуекел-менеджмент жүйесінің тиімділігі туралы баяндады.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары