Malim.kz
Экономика

Үкімет көшпелі мал шаруашылығын дамытуға мән бермек

Айбын Атабай
Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығы саласында агробизнесті қолдау мен дамытудың кешенді жобасын әзірлеу басталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды Malim.kz. 

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығы саласында агробизнесті қолдау мен дамытудың кешенді жобасын әзірлеу басталды. Құжатты дайындау үшін құрамына мемлекеттік органдардың, облыстар әкімдіктерінің, ғылыми және қаржы ұйымдарының, республикалық мал шаруашылығы палаталарының (бір өркешті және қос өркешті түйелер палатасын қоса алғанда), сондай-ақ Парламент депутаттарының өкілдері кірген жұмыс тобы құрылды, — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының дерегінше, кешенді жоспар жобасында түйе шаруашылығын қоса алғанда, мал шаруашылығының барлық бағыттарын қолдау мен дамыту шаралары көзделген. Олардың қатарында асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген және ұзақ мерзімді кредит беру, «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетігін енгізу (қамтамасыз ету деңгейі — 80% дейін), салалық қызметкерлердің отбасылары үшін әлеуметтік жағдай жасау, дәстүрлі жайылымдық пайдалану жүйесін бейімдей отырып, көшпелі мал шаруашылығын дамыту, саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету және селекция мен генетика саласындағы ғылыми сүйемелдеуді дамыту бар. Сонымен қатар Кешенді жоспарда жемшөп өндірісін дамытуға және тұрақты жемшөп базасын қамтамасыз ететін озық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылған.

— Құжатқа қосымша түрде отандық тұқымдардың генетикалық әлеуетін арттыру, түйе сүтін қайта өңдеуді дамыту және сала өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейту бойынша шаралар енгізілді. Бұл бағыттар заманауи технологияларды енгізу және дайын өнім сапасын арттыру арқылы іске асырылады, — деді Олжас Бектенов.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары