Президент жарлықтарымен Қазақстан Үкіметінің жаңа құрамы жасақталды. Заңға сәйкес, парламент жаңадан сайланғаннан кейін Үкімет құрамы қайта бекітіледі. Жаңартылған Кабинеттегі 25 адамның тек төртеуі ауысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Премьер-министрдің орынбасарларының саны бұл жолы бір адамға азайды. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі қызметімен қатар Премьер-министрдің орынбасары болған Аида Балаева Үкімет құрамынан кетті. Оның орнына Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалған Арман Қырықбаев вице-премьер лауазымын алған жоқ.
Қалған бес Премьер-министр орынбасары қызметін сақтап қалды
Бірінші вице-премьер қызметінде Нұрлыбек Нәлібаев қалды. Ол 2013-2021 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болып сегіз жыл қызмет атқарған. 2026 жылдың мамырында бірінші вице-премьер болып тағайындалды. Саяси ортада Нәлібаевты шаруашылықты жақсы білетін, стратегиялық ойлау қабілеті бар әрі көпшілік алдына жиі шыға бермейтін басқарушы ретінде сипаттайды.
Премьер-министрдің орынбасары - Үкімет аппаратының басшысы қызметін Ғалымжан Қойшыбаев жалғастырады. Ол бұл қызметті 2023 жылдан бері атқарып келеді.
Қанат Бозымбаев та Премьер-министрдің орынбасары қызметінде қалды. Ол бұған дейін су тасқыны мен өрт салдарын жою жұмыстарына жауапты бағыттарды үйлестіріп келген.
Жаслан Мәдиев цифрландыру мен жасанды интеллект бағытына жауапты вице-премьер қызметін сақтады. Ал Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де Премьер-министрдің орынбасары қызметін қатар атқара береді.
Үкімет құрамындағы 19 министрдің 15-і өз қызметінде қалды
Ішкі істер министрлігін Ержан Сәденов, Қорғаныс министрлігін Дәурен Қосанов, Ауыл шаруашылығы министрлігін Айдарбек Сапаров, Ғылым және жоғары білім министрлігін Саясат Нұрбек басқарады.
Денсаулық сақтау министрі қызметінде Ақмарал Әлназарова, Қаржы министрі қызметінде Мәди Такиев, Сауда және интеграция министрі қызметінде Арман Шаққалиев қалды.
Су ресурстары және ирригация министрлігін Нұржан Нұржігітов, Туризм және спорт министрлігін Ербол Мырзабосынов, Әділет министрлігін Ерлан Сәрсембаев басқара береді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев та қызметтерін сақтап қалды.
Үкімет құрамына төрт жаңа министр қосылды
Төтенше жағдайлар министрі болып Мұрат Мұханов тағайындалды. Маңғыстау облысының тумасы еңбек жолының басым бөлігін төтенше жағдайлар саласында өткізген. Ол өрт сөндіру қызметінен бастап, осы жүйенің түрлі сатыларында жұмыс істеген.
2026 жылдың көктемінде өңірлік Төтенше жағдайлар департаментін басқарған Мұханов маусымда ТЖМ аппаратының басшысы қызметіне ауысты. Қыркүйекте министр болып тағайындалды.
Экология министрлігін бұрын Ұлттық экономика министрі қызметін атқарған Әлібек Қуантыров басқарды. Атырау облысының тумасы "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Ол бес тіл меңгерген.
Мәдениет және ақпарат министрі болып Арман Қырықбаев тағайындалды. Астана қаласының тумасы Нархоз университетін тәмамдаған. Еңбек жолында Сыртқы істер министрлігінде, өңірлік әкімдіктерде және мәдениет пен ақпарат саласындағы мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқарған.
Сыртқы істер министрі қызметіне Мұхтар Тілеуберді қайта оралды. Ол бұл ведомствоны 2019-2023 жылдары басқарған.
Тілеуберді дипломатиялық қызметін 1993 жылы Сыртқы істер министрлігінде атташе болып бастаған. Кейін түрлі дипломатиялық қызметтер атқарды. Соңғы уақытта Қазақстанның Австриядағы Төтенше және өкілетті елшісі әрі Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болған.
Сонымен қатар Президент Мұрат Қайырбекті Құрылтайдағы Президент өкілдігінің басшысы етіп тағайындады. Бұл - Қазақстанда алғаш рет енгізіліп отырған қызмет.
Мұрат Қайырбек Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын тәмамдаған. Әр жылдары Қарағандыда прокурор, Шығыс Қазақстан облысында судья, әкім және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаменттерінің басшысы болған. 2023-2026 жылдары Сенат депутаты қызметін атқарған.