Malim.kz
Саясат

Украина Ресейдегі Wildberries қоймаларына қайтадан соққы жасады

Айгүл Таңатар
https://mertech.ru/

Украина Ресейдегі ең ірі интернет-сауда платформасы Wildberries-тің тағы екі ірі логистикалық қоймасына ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасады, деп хабарлайды Malim.kz.

Ресей тарапының мәліметінше, бұл жолы Краснодар өлкесі мен Ставрополь өлкесіндегі (Невинномысск қаласы) қоймалар нысанаға алынған. Шабуыл салдарынан бірнеше адам жарақат алып, қоймаларда алапат өрт шыққан.
Украина бұл шабуылдарды Ресейдің соғыс жүргізу мүмкіндігін әлсіретуге бағытталған операцияның бір бөлігі деп түсіндіреді. Киевтің мәлімдеуінше, Wildberries-тің кейбір логистикалық орталықтары азаматтық тауарлармен қатар, Ресей армиясына арналған дрон бөлшектері, навигациялық жабдықтар және басқа да әскери мақсаттағы жүктерді сақтап, тасымалдауға пайдаланылған. Осы себепті қоймалар заңды әскери нысана ретінде таңдалған.
Ал Ресей билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып, Wildberries-тің азаматтық электрондық коммерция компаниясы екенін алға тартуда. Кремль Украина мұндай шабуылдар арқылы ел экономикасына, логистика жүйесіне және қарапайым тұрғындардың күнделікті өміріне соққы беруді көздеп отыр деп мәлімдеді. Бұған дейін де компанияның Тамбов облысы мен Мәскеу маңындағы қоймаларына жасалған шабуылдар салдарынан адам шығыны тіркеліп, қоймалар жұмысы уақытша тоқтатылған болатын.
Reuters агенттігінің мәліметінше, тәулігіне шамамен 20 миллион тапсырыс өңдейтін Wildberries - Ресей экономикасындағы ең маңызды цифрлық сауда платформаларының бірі. Сондықтан Украина соңғы уақытта мұнай базалары мен әскери кәсіпорындардан бөлек, Ресейдің соғыс логистикасына ықпал етеді деп есептелетін ірі коммерциялық инфрақұрылымдарға да соққы жасауды күшейтіп отыр.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары