Malim.kz
Оқиға

Ұлдана Мырзуан ісі: құтқарушы қайғылы оқиғадан кейін қызметі төмендегенін айтты

Сабина Асқарқызы
youtube.com/@JogargySot

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті отырыста оқиға орнындағы құтқару жұмыстарына қатысқан Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Аян Кемпіров куәгер ретінде жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Куәгердің айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол бөлімше командирі қызметін атқарған. Диспетчер құтқарушыларға шақырту кезінде қыздың үстіне кондиционер құлағаны туралы ақпарат берген.

«Оқиға орнына төрт минутта жеттік. Екі жедел жәрдем көлігі тұрды. Медицина қызметкерлері қызды зембілмен алып бара жатты. Оның қызыл формада болғанын көріп, жедел жәрдем қызметкері екенін түсіндік», – деді Аян Кемпіров.

Оның сөзінше, құтқарушылар барлау жүргізген кезде ғимараттың ішкері жағынан тағы екі адамды – ер адам мен әйелді тапқан. Оқиға орнында көктайғақ болып, қар жауған.

«Үйінді болған жерде кірпіштер, профлист, кондиционерлер және басқа да құрылыс элементтері жатты. Зардап шеккендерді алып шығып, дүкеннің ішіне кіргіздік. Олар ес-түссіз болды, кейін медицина қызметкерлері көмек көрсете бастады», – деді куәгер.

Аян Кемпіров бес адамнан тұратын бөлімше құрамында жұмыс істегенін айтты. Құтқарушылардың негізгі міндеті адамдарды үйінді астынан шығару болғандықтан, сол сәтте құлаған құрылыс элементтерінің көлемі мен орналасуын егжей-тегжейлі бағалау мүмкін болмаған. Кейін ТЖД-ның басқа қызметкерлері ғимарат шатырына көтеріліп, ондағы кірпіштерді алып тастаған.

Оқиғадан кейін қызметі төмендеген

Сот барысында Аян Кемпіров қайғылы жағдайдан кейін бөлімше командирі қызметінен өрт сөндіруші қызметіне төмендетілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, басшылық рапорт жазуды ұсынып, кейін басқа бөлімге ауыстырған. Алайда өзіне қатысты жеке тәртіптік іс жүргізілмеген.

«Қазір өрт сөндірушімін. Осы жағдайға байланысты қызметім төмендетілді. Оқиға болған күні бөлімше командирі едім. Бұйрық бойынша рапорт жаздым. Содан кейін басқа бөлімге ауыстырылдым», – деді Кемпіров.

Куәгер қызметінің нақты қандай себеппен төмендетілгенін білмейтінін айтты. Оның жұмыс барысында жіберген кемшіліктері кадрлық шешімге әсер етті ме деген сұраққа да нақты жауап бере алмады. Сондай-ақ рапорттың мазмұнына қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Сотта сол күні оқиға орнында болған қарауыл бастығының кейін өз еркімен жұмыстан шығу туралы рапорт жазғаны да айтылды. Кемпіровтың сөзінше, бұл мамыр айында болған, алайда оның жұмыстан кету себебін білмейді. Оқиғаға қатысқан тағы бір қызметкер кейін басқа өңірге ауысқан.

Куәгер бұған дейін мемлекеттік награда алған

Аян Кемпіров 2022 жылы елордадағы өрт кезінде адамдарды құтқаруға қатысып, өзі де жарақат алған. Сол ерлігі үшін ол «Айбын» орденінің III дәрежесімен марапатталған.

Кемпіров пен өрт сөндіруші Асқар Забикулинді марапаттау туралы Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта зардап шеккендер мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері жауап берген. Атап айтқанда, ТЖД кезекші бөлімінің бастығы Ризабек Дайыров ғимарат қасбеті құлағаннан кейін құтқарушылардың әрекеті мен шұғыл қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібі туралы баяндаған.

Сондай-ақ сотта оқиғадан зардап шеккен Гүлнұр Қалиева мен оған көмекке келген ағасы, сондай-ақ сол күні Ұлдана Мырзуанмен бірге шақыртуға барған әріптесі жауап берді.

Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары