Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге банкноттарының дизайны не үшін өзгертілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Журналистер одан “қағаз ақша көлемі неге доллардан да кішірек болып жасалды” деп сұрады.
“Әмиянға сыйсын деп солай жасадық. Қазір бұл – халықаралық стандартқа сай келетін өлшемдердің бірі. Қолдануға өте ыңғайлы. Одан әрі кішіреймейді”, – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, банкноттардың көлемін кішірейту қаржыны үнемдеуге де мүмкіндік берген.
“Банкноттар арнайы қағаз парақтарында басылады. Бұрын бір парақтан шартты түрде бес банкнот шығатын болса, енді олардың көлемі кішірейгендіктен, қағаз тиімдірек пайдаланылады. Қазір бір парақтың шамамен 90%-ы банкнот шығаруға жұмсалады. Соның нәтижесінде шығын азайып, қаржы үнемделеді. Алайда нақты қанша қаржы үнемделетіні құпия”, – деді Ұлттық банк төрағасы.