Malim.kz
Білім-ғылым

"Ұлттық мессенджер" мәртебесіне ие Aitu-дың қазіргі жайы қалай?

Ереке Базарқұл
©BTS DIGITAL

Былтыр тамыз айында Президент Aitu-ды ұлттық мессенджер деп жариялаған болатын. Содан бері өткен жарты жылда — Aitu-дың аудиториясы өсті; жергілікті контент артты; ЖИ құралдар қосылып, қолданушылармен қарым-қатынас жаңа жолға қойылды. Және бұл жетістіктер — алғашқы қорытынды ғана. 

Мемлекет басшысының Aitu-ды "ұлттық мессенджер" деп атауы командаға үлкен жауапкершілік жүктеді. Ондай мәртебе жұмысты жіті бақылауда ұстап, платформаның тұрақтылығын қадағалап, өнімдерді дамыту және цифрлық орта қалыптастыру міндетін артты. Бұл  жұмыстардың барлығында басты нысандар — қолданушылардың ыңғайы мен мұқтаждығы болды. 

«Ұлттық мессенджер мәртебесі біз үшін ең алдымен — қолданушылардың алдындағы жауапкершілік. Біз Aitu-дың сенімді, ұғынықты әрі технологиялық жетілген қарым-қатынас құралы болуында назар аудардық. Отандық өнім ретіндегі абыройын да ойладық», —

дейді Aitu-ды жасаған BTS Digital компаниясының CEO-сы Нұртай Абылғалиев.

Алғашқы айларда қолданушымен қарым-қатынасты жолға қойып, өнімді жасайтын команданы күшейтіп, аудиторияның сұранысы мен мемлекеттік сервистердің мұқтаждығын өтеуге басымдық берілді.

Нәтижесінде ай сайынғы аудитория кейде 700 мың адамнан асып, күнделікті қолдану жиілігі 7 есеге артып айтарлықтай өсті. Оның үстіне, қосымшаны пайдалану уақытының орташа көрсеткіші де үш есе көбейді. Ішкі сараптама көрсеткендей, қолданушылар бәрінен де чатты жиі қолданады екен, яғни, Aitu біртіндеп әдеттегі байланыс құралына айналып келе жатыр. Сонымен бірге, қолданушылардың қызықты ақпараты бар арналарға да ықыласы ерекше.

Жалпы айтқанда, былтыр тамыздан желтоқсанға дейін қолданушылар 1 800-ден астам арна ашып, олардың ұзын саны 42 мыңнан асып кетті. Ең белсенді өскен — «Жаңалықтар», «Бизнес», «Технологиялар», «Мәдениет» айдарлары. Дәл сол уақытта, жаңалық, қоғам, спорт тақырыбындағы контент қазақстандық аудиторияға бағышталып, жергілікті сипаттағы мазмұнның саны артты. 

Aitu өнім ретінде өзінің технологиялық шешімдерін стратегия ретінде алды. AI-чат жаңа форматта қосылып, жасанды интеллектпен жұмыста қосымша мүмкіндіктер пайда болды. Енді, AI-ассистентпен сұхбат кезінде мәтін стримингі бар; жауап түзуді тоқтату, диалогты тазарту, дауыспен сөйлесу және көмек жүйесі сияқты функциялар да қосылды. Қолданушылардың сын-пікірін қорыта келе, ассистент саны 18 бағытқа кеңейтілді, енді олар өмірдің барлық жағдайында демеу болатын нағыз көмекшілерге айналуы мүмкін. Бұл ассистенттер мектептің үй жұмысын орындаудан бастап, дербес фитнес-жаттығу кестесін жасауға дейін көмектесіп, заңдық кеңеске дейін бере алады. 

Бизнес-коммуникациялар өз алдына бағыт болып отыр. Business Chat-тың жаңа форматы арқылы компаниялар мессенджер ішінде клиенттерге қызмет көрсететін арналар аша алады. Өз кезегінде ондай арналарға API арқылы — оператор, бот, ЖИ сияқты сыртқы жүйелерді жалғауға болады.

 Aitu-да бұларға қоса, қазақ және орыс тіліндегі дауыстарды танитын өз STT жүйесі бар. Жасақтаушылар бұл жүйенің  транскрибация кезінде қателердің аз екенін айтып отыр. Ал мұндай тазалық — дауыстық сценарийлермен жұмыста басты көрсеткіш.

Қауіпсіздік мәселесі аталған жұмыстармен қатар жүріп келеді. Жаңа құрылғыдан кіру кезінде видеоидентификация арқылы екі мәрте аутентификация жүйесі енгізілді. Құпия чаттар да дамып жатыр: өзара құпия хат алмасу режимі қосылды, бұл кезде хабарламалар серверлерде сақталмайды. Ескерту мәтінсіз жүзеге асырылады; ал бір қолданушы чатты жойса, ол чат сөйлесіп отырған адамында да автоматты түрде жойылады.

«Біздің мақсатымыз — Aitu-ды әдепкі мессенджер етіп қана қоймай, оны — қолданушылар да, бизнес те, мемлекет те сенетін цифрлық қарым-қатынас инфрақұрылымына айналдыру», - 

дейді Нұртай Абылғалиев.

Aitu алғашқы жарты жылда өз инфрақұрылымын нығайтудан бастап, сапалы дербес экожүйе қалыптастыруға дейінгі жолды жүріп өтті. Ол экожүйеде жергілікті контент, AI-құралдар, бизнес-коммуникациялар мен күшейтілген қауіпсіздік жүйесі қамтылды. Бұл уақыт аралығында аудитория өсіп, контент құрылымын өзгертті; жаңа технологиялық шешімдер ұсынып, қолданушылар, бизнес және мемлекетпен қарым-қатынастың жаңа моделіне көше алды.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары