Жуырда Лондонда өткен ВЕТТ көрмесі білім саласындағы алпауыт компаниялар мен инноваторлардың басын қосты. Биыл оған 130 елден 700-ден астам компания өз өнімін ұсынса, соған үш күнде 38 мыңға жуық адам келіп, бәрін өз көзімен көріп, тың дүниелермен танысып, сұрақтарына жауап ала алды. Біз де Лондон төрінен табылып, көрме, семинар, пікір алмасу алаңдарынан тұрған осы маңызды жиынға қатыстық. Қазақстан павильонында болдық, ол жерде бірнеше ЖОО-ларымыз өздері туралы стендтерін қойыпты. Мақсатты аудиторияны негізінен пәкістандық және Орта Азия елдері ішінен қарастыратынын айтты. Қазақстанға қатысты барлық ақпарат тек сол жерде шығар деп ойлаған едік, бірақ оның қарсы тарабындағы ығы-жығы көрме арасынан қазақ азаматтары түсіндіріп тұрған стендті көзіміз шалды. Жанына барып, жөн сұрасып, компания өкілі Асанәлі бауырымыздан сұхбат алдық.
– Құрметті Асанәлі, отандық өнім екенсіздер. Көріп, қуанып қалдық. Компанияларыңыз туралы айтсаңыз, қай жылы, қандай мақсатпен құрылды?
Біздің компанияның білім саласында он жеті жылдық тәжірибесі бар. Білім беру мекемелеріне заманға сай әрі тиімді бола түсуіне көмектесеміз. Қазақстан мұғалімдерін оқытамыз.
Одан бөлек, білім беру мекемелерін жабдықтаймыз. Оның ішінде парталар, орындықтар, интерактивті панельдер, зертханалық жұмыстарға арналған әртүрлі құрылғылар бар. Яғни біз мектеп кабинеттерін толықтай, бастан-аяқ жабдықтаймыз.
Бүгінге дейін 160 мыңнан астам мұғалім курстарымызды тыңдады және түрлі облыстардағы 2000-нан астам мектеп кабинетін жабдықтап бердік.
Ал үшінші бағытымыз – дистрибуция. Яғни біз өзіміздің өнімдерді ойлап тауып шығарамыз немесе серіктес өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу жүйесін жүзеге асырамыз.
Елімізде жиырма жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинаған соң, енді әлемдік нарыққа шығу үшін Ұлыбританиядан “PineLondon” деген компанияны ашып, осындай халықаралық дәрежедегі көрмеге алғаш рет қатысып тұрмыз.
Негізі BETT сияқты халықаралық ең жоғары дәрежелі көрмеге Қазақстанның компаниясы ретінде дербес қатысып тұрған жалғыз мекемеміз десек болатын шығар. Бұл көрмеден орын алу құны арзан емес. Сонда да сол жауапкершіліктің бәрін өзіміз арқалап, дербес қатысуға шешім қабылдадық.
Тұтынушыға ұсынатын дүниеміздің бәрі – қазақстандық өнімдер. Оның бәрін еліміздің инженерлері ойлап тапқан, біздің серіктестеріміз жасап шығарған. Солай бірігіп ойластырамыз да, нарыққа ұсынамыз.
– Ол қандай өнімдер, соларға нақтырақ тоқтала кетсеңіз.
Бірінші өнім – IoTBoard. Ол Arduino, робототехника бойынша сабақтарды жеңіл өтуге, түсінікті етуге көмектесетін құрылғылар жинағы. Сонымен қатар осы жинақты үйренуге бізде онлайн платформа бар. Бұл toolbox, яғни құрал жәшігі форматындағы жинақ ретінде ұсынылады. Керек-жарақтың бәрі осында бар.
Екінші өнім – NodiStep. Бұл физика сабағында электромагнитизм тақырыбын жеңіл түсінуге көмектеседі. Өйткені ол тақырып өте күрделі. Арнайы құралдар болмаса, оның жұмыс принципін түсінуге өте көп уақыт жұмсалуы мүмкін.
Үшінші өнім – “Интеллектум” ойындары. Жалпы 13 ойынымыз бар, олар қазақ, орыс, неміс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Балалардың ой-өрісін, креативтік қабілеттерін дамытуға арналған.
– Мұндай жинақтар негізінен физика-математикалық мектептерге керек шығар, иә?
Жоқ, олай демес едім. Қазіргі цифрландыру кезеңінде мұндай жабдықтар барлық мектепке қажет, тіпті міндетті десек болады.
– Ал мұндай идея кімдікі? Әлде бір серіктестер солай кеңес айтты ма?
Идея толықтай өзіміздікі. Компанияның бас директоры – Айдарбек Әмбеұлы. Штатта алпысқа жуық адам жұмыс істейді. Бас кеңсеміз Астанада орналасқан.
Филиалымыз енді Англиядан да ашылды, бұл жаққа да бірнеше қызметкер алынды. Сол үшін басшымыздың өзі жақында көшіп келді.
Миссиямыз – білім саласын дамыту арқылы, нақтырақ айтқанда балабақша мен мектептерге цифрлық шешімдерді енгізіп, педагогтардың біліктілігін көтеру арқылы қоғамдағы өмір сапасын жақсарту.
Осыған дейін елде отырып-ақ Польша, Финляндия, АҚШ, Түркия, Қытай және Оңтүстік Кореямен серіктестік орнатып үлгердік.
Компанияның басты міндеттерінің бірі – консалтинг, яғни білім саласындағы жобаларды сүйемелдеу және дамытуға көмектесу.
Мысалы, бір өнертапқыш инженер ерекше өнім ойлап табады, бірақ оны нарыққа қалай шығару керегін білмейді. Ал біз соларды тауып, әлеуетін арттыруға көмектесеміз, нарыққа шығару жолдарын көрсетеміз.
Қалай шығару қажет, қандай маркетинг тәсілдерін қолдану керек, басқа компаниялармен қалай серіктестік орнатуға болады – соның бәрін нұсқаймыз.
Сондай-ақ білім саласына арналғандықтан, оның нәтижесін бағалау да маңызды. Сол үшін балабақшалар мен мектептерге ұсынып, апробациядан өткізу жағын да жолға қойғанбыз.
– Идея Қазақстанның өнертапқыштары мен ғалымдарыныкі екен. Ал дайын өнімді жасап шығару зауыттары қайда орналасқан? Қазақстанда мұндай элементтерді өндіретін зауыттар әзірге жоқ шығар?
Бұл өнімдердің бір бөлігін Қазақстанда өндірсек, кейбір бөлшектерін Қытай мен Германияда шығартамыз.
Қай өнімді қай жерде өндіру тиімді болса, соған қарай таңдаймыз.
– Ал сол кезде идеяларыңыз ұрланып кетеді деп қорықпайсыздар ма?
Әрине, ондай қауіп бар. Бірақ оның да заңдық шешімдері бар – патент, тауарлық белгі (trademark) арқылы қорғалады.
Мұндай тәуекелмен көптеген компания бетпе-бет келеді. Үлкен көлемде өнім өндіру үшін кейде шетелде өндіріс жасау тиімді болады.
– Балаларды телефоннан ажырата алмай отырған қазіргі кезде сіздердің өнімдеріңіз қолмен ұстап, тәжірибе жасап үйрететіні өте жақсы екен. Алдағы жоспарларыңыз қандай?
Алдағы уақытта өнімдерімізді кеңінен таныстырып, сатылымды арттыруды жоспарлап отырмыз.
Биыл АҚШ-тың Орландо қаласында өтетін “ISTE Annual Conference & Expo” халықаралық білім көрмесіне қатысқымыз келеді.
Сондай-ақ Қытайда өтетін China Education Expo немесе EdTech GZ (Guangzhou) көрмелеріне де қатысу жоспарда бар.
Жалпы, мұндай көрмелердің әсері өте зор. Көптеген дистрибьюторлар өніммен тікелей танысып, салыстырып, бағалайды.
Компанияның өз қаражатына қатысуы – оның нарыққа деген байыпты ниетін көрсетеді.
Онлайн танысқаннан гөрі, бетпе-бет кездесу мүлде басқа әсер қалдырады.
– Компания атауы неге “Pine”? Оның мағынасы қандай?
Бұл атау біздің миссиямызды білдіреді. “Perfection in education” деген сөз тіркесінен алынған, яғни “білімдегі кемелдік” деген мағына береді.
Сонымен қатар “pine” сөзі ағылшын тілінде “қарағай” дегенді білдіреді. Қарағай – тамыры тереңге жайылатын, мықты ағаш.
Біз де өзімізді тұрақты, берік компания ретінде қалыптастырғымыз келеді. Сонымен қатар қарағай табиғилықтың символы, ал біздің өнімдер де қарапайым әрі табиғи болуымен ерекшеленеді.
– Өте мағыналы атау екен. Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Рақмет!
Ұлыбритания, Лондоннан Алма Сайлауқызы