Сізге уақытты әсерлі өткізуге және ең қызықты орындарды таңдауға көмектесетін шағын шолу әзірледік. Тамыры терең тарихпен астасқан мәдени мұра мекені — Ұлытауды бірге аралап, ерекше әсерге бөленейік!
«Жошы хан» тарихи-мәдени кешен – тарихи тұлға Жошы ханның өмірі мен мұрасын танытатын маңызды мәдени нысан. Мұнда келушілерге арнайы экспозициялар, деректі фильмдер мен заманауи мультимедиалық технологиялар арқылы ақпарат ұсынылады.
Алаша хан мазары Сәтбаев қаласынан 60 шақырым шығысқа қарай, Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында, Малшыбай ауылынан батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. XVғ. соңында салынған құрылыс. Аңыздардың бірінде мазар көне мемлекет Тұранның ханзадасына тиесілі болған. Екінші бір нұсқада бұл жерде Батыс түрік қағанатының қағаны жерленгені айтылады. Кей ғалымдардың жорамалдары бойынша қазақ ханы Хақназар жерленген.
Теректі Әулие петроглифтері — қола дәуірінен сақталған жартастағы суреттер кешені. Бұл тас беттерінде аңшылық, жануарлар мен адамдар бейнеленген көне өрнектер кездеседі. Ескерткіш Ұлытау өңірінің ежелгі мәдениеті мен наным-сенімдерінің айғағы болып табылады. (Жезқазған қаласынан шығысқа қарай 80 шақырым жерде, ал Теректі теміржол станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан).
Жігер спорттық кешені — Жезқазған қаласында орналасқан көпфункционалды спорт нысаны. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жаттығу залдары және бассейн бар. Кешен қала тұрғындарына дене шынықтырумен айналысу үшін барлық қажетті жағдайды ұсынады.
Жезқазған тарихи-археологиялық музейі — қала мен оның айналасындағы археологиялық, тарихи және мәдени мұраларды сақтап, зерттейтін маңызды мекеме. Музейде өңірдің көне кезеңдерінен бастап қазіргі заманға дейінгі экспонаттар мен артефактілер ұсынылған. Бұл музей Жезқазғанның бай тарихын және мәдениетін тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді.
Қаныш Имантайұлының музей үйі — ұлы ғалым, геолог, Қазақстанның ғылымы мен өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосқан Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған ескерткіш мекеме. Музейде ғалымның жеке заттары, ғылыми еңбектері, фотосуреттері мен өмір жолына қатысты құжаттар жинақталған. Музей үйі Ұлытау облысы, Қарсақбай ауылында орналасқан.
Фото: janalyq.kz