Malim.kz
MALIMet

Ұлытау облысында Көлік министрінің төрағалығымен көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

• Алуа Әшірбекова

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі ӘселЖанасованың төрағалығымен өңірді дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға облыс әкімі Есет Байкен, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстың қала және аудан әкімдері, ұлттық компаниялардың, салалық және мердігер ұйымдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты, деп хабарлайды Malim.kz.

Кеңес барысында өңірдегі автомобиль жолдарын дамыту, теміржол қатынасы, жолаушылар тасымалы және авиация инфрақұрылымы мәселелері қаралды. Инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына, жол желісінің жай-күйіне және елдімекендердің көлік қатынасына қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 711,7 шақырымды құрайды. Өңір құрылғаннан бері 456,3 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Ал 2026 жылы 120 шақырым автомобиль жолында қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Кеңесте әлеуметтік-экономикалық және туристік маңызы зор, ұзындығы 63 шақырым болатын Малшыбай – Сәтбаев автомобиль жолын қалпына келтіру мәселесі жеке қаралды. Сондай-ақ Жезқазған – Сәтбаев, Сәтбаев – Ұлытау және Жәйрем – Қаражал бағыттарындағы жол учаскелерін жөндеу қажеттігі айтылды.

Автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, ауыр жүк көліктерінің салмағын бақылауды күшейту және қосымша автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату мәселелері талқыланды.

Теміржол инфрақұрылымы бойынша жолаушылар вагондарын жаңарту, пойыздардың жүру кестесін қайта қарау, Жезқазған мен Қаражал арасында тікелей теміржол қатынасын ұйымдастыру, сондай-ақ теміржол станциялары мен вокзалдарды одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, Түркістан мен Балқаш қалаларына жаңа әуе бағыттарын ашу, Шымкент пен Қарағандыға рейстер санын арттыру және Жезқазған әуежайын қайта жаңғырту мәселелерін қамтитын әуе қатынасын дамыту перспективалары қаралды.

Кеңес қорытындысы бойынша өңірдің көлік жүйесін одан әрі дамыту, жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту және облыс тұрғындары үшін көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары