Ұлытау облысында денсаулық сақтау нысандарын жаңарту және тұрғындарға заманауи медициналық көмекті өңірдің өзінде көрсету бағытында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазір Ұлытау ауданында жаңа ауылдық аурухана салынып жатса, Жезқазғандағы облыстық көпбейінді ауруханада ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұлытау ауылында 20 төсектік аурухана мен бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын емхана салынып жатыр. Өңірлік құрылыс басқармасының мәліметінше, нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
7 қыркүйектегі мәлімет бойынша, аурухана құрылысының 65 пайызы аяқталған. Бұл туралы Qarajalnews.kz хабарлады. Нысанда ішкі әрлеу және сыртқы құрылыс жұмыстары жалғасып, аумақты абаттандыруға дайындық жүргізіліп жатыр.
Жаңа аурухананың ашылуы Ұлытау ауданының тұрғындарына бірқатар медициналық қызметті тұрғылықты жеріне жақын алуға мүмкіндік бермек. Ауылдық жерде заманауи медициналық нысанның болуы тұрғындардың ауданнан немесе өңірден тыс жерге шығу қажеттілігін азайтуға бағытталған.
Медициналық инфрақұрылымды жаңарту облыс орталығында да жүріп жатыр. Жезқазғандағы облыстық көпбейінді аурухананың тоғыз қабатты ғимараты республикалық медициналық ұйымдарды жаңарту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтуде.
Жалпы ауданы 24 мың шаршы метрден асатын ғимаратты жаңғыртуға 4,2 млрд теңге қарастырылған. Жөндеу барысында палаталар, операциялық блоктар, инженерлік желілер және басқа да медициналық бөлмелер жаңартылып жатыр. Қазір алтыншы қабаттан тоғызыншы қабатқа дейінгі жұмыстар аяқталған, бесінші қабаттағы жөндеу соңғы кезеңге жеткен. Нысанды толық жаңарту мен айналасын абаттандыруды 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Аурухананың техникалық мүмкіндігі де кеңейіп келеді. Медициналық мекемеге жалпы құны шамамен 2,7 млрд теңге болатын 47 жаңа құрал-жабдық жеткізілген. Олардың қатарында компьютерлік томографтар, ангиограф, эндоскопиялық және роботтандырылған жүйелер бар.
Облыстық ауруханада онкологиялық көмекті дамытуға да ерекше назар аударылған. Алдағы уақытта 100 төсектік жеке онкологиялық корпус салу көзделген. Бұл облыс тұрғындарына күрделі диагностикалық және емдеу қызметтерін өңірден шықпай-ақ алуға мүмкіндік беруге бағытталған.
Сонымен қатар аурухана базасында медицина қызметкерлерін даярлауға арналған симуляциялық орталық ашу жоспарланып отыр. Онда дәрігерлер мен орта буын мамандары жоғары технологиялы манекендер, виртуалды модельдер және клиникалық жағдайларды имитациялау арқылы тәжірибелік дағдыларын жетілдіре алады.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғанша кейбір жаңа бөлімшелер жұмысын бастап кетті. Қазір ауруханада пульмонология, кардиология және госпитальдық фармация бөлімшелері ашылған. Алдағы уақытта гастроэнтерология және ревматология бағыттарын дамыту жоспарланған.
Соңғы үш жылда облыстық көпбейінді ауруханаға 36 тәжірибелі және жас маман тартылған. Осылайша Ұлытау облысында медициналық инфрақұрылымды жаңарту жаңа ғимараттар салумен ғана шектелмей, медициналық жабдықтарды жаңарту, жаңа бөлімшелер ашу және мамандардың кәсіби мүмкіндігін кеңейту бағыттарымен қатар жүргізіліп жатыр.