Қазақтың біртуар бұлбұл әншісі, дәстүрлі ән өнерінің дарабозы, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Әукенұлы Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойы дара тұлғаның туған жері — Жаңаарқа ауданында жоғары деңгейде аталып өтті.
Әсерлі сәттерге толы мерейлі шара қонақтарды құрметпен қарсы алудан басталып, әрі қарай аудандық Мәдениет үйінде өткен «Қазақтың Қайраты» атты тағылымды кешке ұласты. Кеш барысында ән өнерінің абызы атанған тұлғаның шығармашылық жолы мен өнегелі өмірі кеңінен насихатталып, сахна төрінде шәкірттер мен өнер жұлдыздары ұстазға деген шынайы ықыласын әнмен өрнектеді. Мерейтой иесін құттықтап, мерейін үстем етуге Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин, сондай-ақ Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов арнайы келіп, жылы лебіздері мен ақ тілектерін жеткізді. Сондай-ақ кеш барысында Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев халық әртісіне аудан атынан Құрмет грамотасын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті. Өнер кешінде Қайрат Әукенұлының шәкірттері мен дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген еліміздің танымал өнерпаздары — Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Еркін Шүкіман, Айтбек Нығызбаев, Айгүл Қосанова, Жақсыкелді Кемалов, Сержан Мұсайнов, Ардақ Исатаева, Ержан Базарбеков, Сырым Мұхамеджанов және өзге де өнер иелері халық әнінің жауһарларын орындап, көрерменге рухани ләззат сыйлады.
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі