Malim.kz
MALIMet

Ұлытау облысында жас дәрігерлерге қолдау күшейіп келеді

Алуа Әшірбекова
Фото: canva

Ұлытау облысында медицина мамандарын өңірге тарту, жас дәрігерлерді қолдау және кадр тапшылығын азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дәрігерлерге көтермеақы төлеу, қызметтік баспана беру және резидентурада оқыту сияқты шаралар арқылы медициналық мекемелердің кадрлық әлеуетін күшейту көзделген, деп хабарлайды Malim.kz. 

Өңірде дәрігер тапшылығы әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Соған байланысты медициналық инфрақұрылымды жаңартумен қатар, жаңа мамандарды тартуға да басымдық берілген.

Соның бір мысалы - Жаңаарқа аудандық ауруханасы. Медициналық мекеме ауданаралық мәртебеге көшуге дайындалып жатыр. Алдағы уақытта аурухана Жаңаарқа ауданының тұрғындарымен қатар Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің халқына да қызмет көрсетпек. Қызмет көрсету аумағының кеңеюіне байланысты мекеменің кадрлық құрамын күшейту жұмысы қолға алынған.

Биыл Жаңаарқа ауруханасына жоғары білікті сегіз маман жұмысқа орналасқан. Басқа өңірлерден келген жас дәрігерлерге 8 миллион теңгеге дейін көтермеақы төленіп, қызметтік баспана берілген.

Жаңа мамандардың бірі - хирург Абылайхан Қанжігітов. Оның айтуынша, ауруханада дәрігерлердің заманауи әдістермен жұмыс істеуіне қажетті жағдай бар. Мекемеде лапароскопиялық жабдық орнатылған. Ол хирургтерге аз инвазивті операциялар жасауға мүмкіндік береді. Мұндай әдіс науқастың операциядан кейін тезірек қалпына келуіне ықпал етеді.

Аурухананың бас дәрігері Ерлан Базарбеков ауданаралық мәртебе берілгеннен кейін кардиологиялық, травматологиялық және басқа да мамандандырылған көмектің түрлері кеңейетінін айтқан. Бұл тұрғындардың қажетті ем алу үшін облыс орталығына немесе басқа ірі қалаларға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

Мамандарды өңірге тартуда қаржылай қолдаумен бірге баспана мәселесіне де көңіл бөлініп отыр. Ұлытау облысында білікті дәрігерлерге берілетін біржолғы материалдық қолдау көлемі 8 миллион теңгеге дейін жетеді. Көтерме төлемдерге өңір бойынша 180 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Жас мамандарға қызметтік пәтер беру немесе баспана алуға қолайлы жағдай жасау да кадрларды өңірде тұрақтандырудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Бұл әсіресе басқа облыстардан Жезқазғанға немесе Ұлытаудың аудандарына жұмыс істеуге келген дәрігерлер үшін маңызды.

Дәрігер тапшылығын ұзақ мерзімді шешудің тағы бір жолы - қажетті мамандарды алдын ала даярлау. Қазіргі таңда 30-ға жуық дәрігер келісімшарт негізінде резидентурада білім алып жатыр. Олардың оқуын қаржыландыру арқылы өңірге қажетті бейінді мамандарды даярлап, кейін жергілікті медициналық ұйымдарға жұмысқа тарту көзделген.

Облыстық денсаулық сақтау саласының өкілдері қазір өңірде шамамен 50 дәрігер жетіспейтінін айтады. Әсіресе тар бейінді мамандарға қажеттілік бар. Жауапты басқарма бұл тапшылықты алдағы бірнеше жылда біртіндеп азайтуды жоспарлап отыр.

Кадр мәселесі ауылдық медицинамен де тікелей байланысты. Соңғы екі жылда Ұлытау облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында 20 медициналық нысан салынған. Жаңа нысандар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенімен, олардың толыққанды жұмыс істеуі үшін білікті дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің жеткілікті болуы маңызды.

Сондықтан өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту тек жаңа аурухана немесе медициналық пункт салумен шектелмейді. Дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, жас мамандарды өңірге шақыру, тұрғын үй мәселесін шешу және резидентура арқылы қажетті кадрларды даярлау қатар жүргізіліп жатыр.

Бұл шаралар медициналық мекемелерді мамандармен толықтырып қана қоймай, тұрғындардың тұрғылықты жерінде сапалы әрі мамандандырылған медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары