Ұлытау облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы аясында мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға және көркем әдебиетті кеңінен насихаттауға бағытталған "Кітаптан экранға: шығарма мен фильм" атты киноталқылау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Аталған іс-шара "Кітап оқитын ұлт" жобасының негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырмандық белсенділікті арттыру және әдеби шығармаларға деген қызығушылықты кеңейту міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған бастамалардың бірі болып табылады.
Іс-шара аясында қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларының бірі – Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романын және оның экрандық нұсқасын салыстыра талқылады. Алдымен шығарма желісі бойынша түсірілген сериалдың алғашқы бөлімі көрсетіліп, одан кейін қатысушылар кітап пен экрандық нұсқаның мазмұндық ерекшеліктері, кейіпкерлер бейнесі мен авторлық идеяның берілуі жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Киноталқылауға өңірдің 200-ге жуық мемлекеттік қызметшісі мен "Кітап оқитын ұлт" марафонының өңірлік штабының мүшелері қатысты.
Іс-шара барысында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Өтегенов Жұмажан Әбдімажитұлы және "Кітап оқитын ұлт" марафонының өңірлік жобалық кеңсесінің төрағасы Абжанов Серік Сайлаубекұлы сөз сөйлеп, кітап оқудың қоғамдағы маңызына, сондай-ақ оның мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына қосатын үлесіне тоқталды.
Сонымен қатар, марафон аясында жүзеге асырылып жатқан "Кітап оқитын мемлекеттік қызметші" бағытының міндеттері мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Аталған бағытқа жауапты "Кітап оқитын ұлт" марафонының Ұлытау облыстық кеңсесінің мүшесі Нұрмағамбетов Рахат Бөлегенұлы киноталқылау іс-шарасының ұйымдастырылуына жетекшілік етіп, оны өткізу жұмыстарын үйлестірді.
Кездесу барысында қатысушылар кітап пен оның экрандық нұсқасын салыстыра отырып, әдеби шығарманы тереңірек түсінудің, оқырмандық көзқарасты қалыптастырудың және рухани құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, іс-шараның өтуіне қолдау көрсетіп, фильмді тамашалауға мүмкіндік жасағаны үшін Жезқазған қаласындағы Kinoplexx кинотеатрының ұжымына ерекше алғыс білдіреміз. Кино өнері арқылы кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға, көркем әдебиетті насихаттауға және рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеуге қосып отырған үлестері үшін ризашылығымызды білдіреміз.
"Кітап оқитын ұлт" жобасы аясында жүзеге асырылатын мұндай бастамалар мемлекеттік қызметшілердің зияткерлік әлеуетін арттырып, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және оны күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға ықпал етеді.