Malim.kz
Саясат

Украина Назарбаевқа орнатқан ескерткішті бұзбайтын болды

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Украина билігі Каменское қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған барельефті бұзу туралы ұсынысқа жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Днепропетровск облысының Каменское қаласындағы оқу орнының ғимаратына орнатылған Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған барельефтің коммунистік тоталитарлық режим мен ресейлік империялық саясат символикасына тыйым салу туралы заңнамаға қайшы келмейтіні айтылды. Мұндай қорытындыны Украинаның Ұлттық жады институты шығарды. 

«Қазақстан Республикасының бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған Каменское жоғары кәсіптік училищесінің ғимаратына орнатылған барельеф қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді. Сонымен қатар, ол украин және қазақ халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен достық қарым-қатынасты көрсетеді», - деп жазылған қорытындыда.

Аталған ескерткішті алып тастауды қазақстандық белсенді, «Демос» қоғамдық ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайынов ұсынған болатын. Ол Каменское қалалық кеңесіне жолдаған өтінішінде Назарбаевтың Кеңес Одағы кезінде Коммунистік партия мен басқару органдарында қызмет атқарғанын еске салған еді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті ретінде елдің Ресейге тәуелділігін күшейтті деген пікір білдірген. Тіпті қызметтен кеткеннен кейін де Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп жүргенін атап өткен.

"Құсайыновтың өтінішін алған Каменское қалалық кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына баға беру үшін Украинаның Ұлттық жады институтына жүгінген. 2026 жылғы 15 сәуірде Құсайынов қалалық кеңестен жауап алып, оған институт басшысы Александр Алферовтың қорытындысы қоса тіркелген. Екі құжат та «Украина - Орталық Азия» жобасының қолында бар. Украина Ұлттық жады институтының басшысы Александр Алферов институтта Нұрсұлтан Назарбаевтың ресейлік империялық саясатты жүзеге асыруға немесе насихаттауға қатысқаны туралы мәлімет жоқ екенін мәлімдеді. Украина заңнамасында мұндай саясат украин халқын бағындыруға, қанауға және ассимиляциялауға бағытталған шаралар жүйесі ретінде анықталады. Сонымен қатар, Назарбаев Украинаның мемлекеттік наградаларын «Бостандық» орденімен (2010 ж) , І дәрежелі «Даналық князі Ярослав» орденімен марапатталған (1997 ж). Барельеф оқу орнының түлегі әрі Қазақстан Республикасының президенті ретінде қойылған, онда тыйым салынған символика жоқ және қолданыстағы тіл туралы заң талаптарына сәйкес келеді.", - деп жазды Алферовтің сөзін келтірген "Украина - Центральная Азия" телеграм арнасы. 

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 1958-1960 жылдары Днепродзержинск қаласындағы №22 кәсіптік-техникалық училищеде білім алған. Қазіргі таңда бұл қала Каменское деп аталады, ал оқу орны – Каменское жоғары кәсіптік училищесі. Назарбаевқа арналған барельеф 2005 жылы орнатылған.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары