«Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешева қоғамда қызу талқыланған камзолға қатысты пікір білдіріп, оның түпнұсқа екенін растады, деп хабарлайды Malim.kz.
Журналист Гүлбану Әбенованың мәліметінше, ол актрисамен тікелей сөйлескен. Әңгіме барысында Меруерт Өтекешева продюсер Баян Алагөзованың қолындағы камзолдың түпнұсқа екенін айтқан.
«Иә, ол камзол – түсірілімде қолданылған түпнұсқа», – деген актриса.
Сонымен қатар ол кеңес дәуірінде түсірілген фильмдердегі көптеген костюмдер мен реквизиттердің уақыт өте түрлі адамдардың қолына өтіп кеткенін атап өткен.
«Ол кезде түсірілімнен кейін көп заттар жүйелі түрде сақталмады. Соның салдарынан костюмдер мен реквизиттер жан-жаққа тарап кетті», – дейді Өтекешева.
Актрисаның айтуынша, қазіргі таңда музей қорында сақталған бір ғана нұсқа бар. Алайда оның жағдайы да көңіл көншітпейді.
«Музейде бір нұсқасы бар, бірақ оның күтімі жақсы деп айта алмаймын», – деген ол.
Ал қоғамда талқыға түскен камзолдың ұзақ жылдар бойы жеке үйде сақталғаны айтылды.
Камзолдың нақты қай жерде сақталуы керек деген сұраққа актриса нақты жауап беруден бас тартты. Оның айтуынша, бұл мәселенің шамадан тыс талқылануы өзіне ұнамайды.
«Бұл тақырыптың осынша талқыланғаны маған ұнамайды», – деді актриса.
Сондай-ақ ол назар алдымен өзінің еңбегіне аударылуы тиіс екенін жеткізді.
«Ең алдымен мен туралы айтылуы керек. Мен – «Қыз Жібек» фильмінде ойнаған актерлердің ішінде көзі тірі қалған жалғыз адаммын», – деп атап өтті Меруерт Өтекешева.
Айта кетейік, актриса биыл 75 жасқа толды.
Осы жағдайға байланысты журналист Гүлбану Әбенова да өз пікірін білдіріп, мемлекеттік деңгейде шара қабылдау қажет екенін айтты.
«Мәдениет министрлігі араласып, ел ішінде шашырап кеткен фильм реквизиттері мен костюмдерін жинақтауы керек», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желіде «Қыз Жібек» фильміндегі камзол өзіне сыйлық ретінде берілгенін айтқан еді. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Ол да сынға жауап беріп, өз ұстанымын түсіндірді:
«Мен олигархтың әйелі емеспін. Мен – салық төлейтін кәсіпкердің әйелімін. Бұл камзол бұрыннан жеке адамның қолында болған», – деген еді Баян Алагөзова.
Сондай-ақ ол қоғам реакциясына таң қалғанын жасырмады:
«Шынымен жандарыңыз ашыса, 30 жылдан бері қайда болдыңыздар?» – деді продюсер.
Осыдан кейін Мәдениет министрлігі «Қазақфильм» қорында камзолдың бір ғана түпнұсқасы сақталғанын мәлімдеп, екінші данасының қалай жеке адамдар қолына өткенін тексеріп жатқанын хабарлады.