Malim.kz
Оқиға

Маңғыстауда нөсерден кейін 100-ден астам жылқы қырылып қалды

Сабина Асқарқызы
Lada.kz

Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында, Ақшымырау ауылы маңында қатты жауын-шашын мен екпінді желден кейін 100-ден астам жылқы қырылды, деп хабарлайды Malim.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап. 

Алдын ала мәлімет бойынша, мал суға кетіп, бір бөлігі сорлы, батпақты жерге кіріп кетіп, қайта шыға алмай қалған. Бұл туралы алғаш жергілікті тұрғындар хабарлап, кейін аудан әкімдігі де растады.

Lada.kz жазуынша, нөсерден кейін жылқылар сорға батып, көпшілігі сол жерде өлген. Ауыл тұрғындарының сөзінше, әр аулада бірнеше бастан он басқа дейін мал шығыны бар. Олар дер кезінде көмек көрсетілмесе, шығын көлемі ұлғаюы мүмкін екенін айтқан.

Маңғыстау ауданы әкімдігінің мәліметінше, жағдайды бағалау үшін 2026 жылғы 16-17 сәуір күндері мемлекеттік органдар өкілдерінен арнайы комиссия құрылған.

«Қазір комиссия шаруашылық иелерімен бірлесіп жұмысын жалғастырып жатыр. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасында тіркелген қырылған мал үшін өтемақы мәселелері қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Шешімді төтенше жағдайлар, ауыл шаруашылығы және ветеринария салаларындағы уәкілетті органдар қабылдайды», – деп хабарлады аудандық ішкі саясат бөлімі.

Әкімдік мал шығынына экстремалды ауа райы себеп болғанын мәлімдеді. Қатты жел мен нөсер салдарынан табындар бағытынан жаңылып, жетуі қиын, шамадан тыс ылғалданған аумақтарға кетіп қалған. Кейбір жылқылар елді мекендерден 60–80 шақырым қашықтықта қырылған болуы мүмкін. Сонымен қатар Сайөтес ауылы мен 7-разъезд аралығындағы учаскеде де мал шығыны тіркелгені хабарланды.

Қазіргі кезде салдарды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Ақшымырауға Бейнеу ауданынан «Трэкол» жол талғамайтын көлігі жіберілген, жоғалған малды іздеу үшін дрондармен әуеден мониторинг ұйымдастырылған. Облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп, мұнай-газ кәсіпорындарына қосымша техника бөлу тапсырылған.

«Салдарды жою үшін барлық күш пен құрал жұмылдырылды: өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметтері және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Су сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда. Жағдай ерекше бақылауда. Мал иелерімен жұмыс жүргізіліп, заманауи мониторинг құралдары мен арнайы техника пайдаланылып жатыр», – деп хабарлады Маңғыстау ауданы әкімдігі.

Ресми мәліметке сәйкес, тіркелген ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша өтемақы мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралады. Тиісті шешімді төтенше жағдайлар, ауыл шаруашылығы және ветеринария салаларындағы уәкілетті органдар қабылдайды. Әкімдік қазір су сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатқанын, жағдай ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары