Malim.kz
Шоу-бизнес

"Ұрғанда бетімді қорғайтынмын": Перизат Алпыс бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Актриса әрі әнші Перизат Алпыс журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында алғашқы некесіндегі ауыр кезеңді еске алды. Өнер иесі бұрынғы күйеуінің өзіне қол көтергенін, ал денесіндегі көгерген іздерді көпшіліктен жасыруға мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz. 

Перизат Алпыстың сөзінше, бұрынғы күйеуімен арадағы жанжалдар жиі төбелеске ұласқан. Алайда бүгінде ол ұрыс-керістің нақты неден басталғанын есіне түсіре алмайтынын жеткізді.

"Қазір тіпті не үшін ұрысқанымыз есімде жоқ. Бірақ ұрысқан сайын міндетті түрде төбелесетінбіз. Ол маған қарай жұдырығын ала жүгіретін", – деді актриса.

Сұхбат барысында журналист ерлі-зайыптылардың қанша уақыт бірге тұрғанын сұрады. Перизат Алпыс некелерінің небәрі бір жылға созылғанын айтты.

"Бір-ақ жыл тұрдық. Бір жылдан кейін оның мені ұра беретінін, ойын автоматтарын қоймайтынын түсіндім", – деді ол.

Өнер иесі сол уақытта тележүргізуші болып жұмыс істегендіктен, бетіне зақым келмеуіне ерекше мән бергенін жасырмады. Сондықтан жанжал кезінде бетін қолымен жауып, қорғануға тырысқан.

"Мен теледидарда жұмыс істеймін ғой. Бетімнің көгеруіне болмайды. Сондықтан ұрған кезде үнемі бетімді қолыммен қорғайтынмын. Сосын ол қолымды ұра беретін. Осы қолым үнемі көгеріп жүретін", – деп еске алды Перизат Алпыс.

Актрисаның айтуынша, денесіндегі жарақат іздерін жасыру үшін түсірілімге ыстық күндері де ұзын жеңді киім киіп баруға мәжбүр болған.

"Түсірілімге барған кезде күн ыстық болса да, үнемі ұзын жеңді киім киетінмін. Қолымдағы көгерген жерлерді көрсетпеуге тырысатынмын", – деді ол.

Перизат Алпыс уақыт өте келе күйеуінің мінез-құлқын өзгерте алмайтынын түсінгенін жеткізді.

"Сосын мен оны түзетуге шамам жетпейтінін түсіндім. Жалпы, мұндай адамды түзетуге бола ма, болмай ма, оны білмеймін", – деді өнер иесі.

Журналист ажырасқандарына 16 жыл өткенін айтып, бұрынғы күйеуінің қазіргі жағдайын сұрады. Сондай-ақ оның баласының әкесі екенін еске салды.

Перизат Алпыс бұл сұраққа сақтықпен жауап беріп, бұрынғы жұбайының жеке өміріне қатысты егжей-тегжейлі айтқысы келмейтінін білдірді.

"Қазір оның жағдайы қалай екенін айтқым келмейді. Бірақ естуім бойынша, әлі де анда-санда сондай әрекеттері бар екен", – деді актриса.

Айта кетейік, бұл – Перизат Алпыстың сұхбатта баяндаған жеке тәжірибесі. Бұрынғы жұбайына қатысты айтылған жайттар оның өз сөзіне негізделген.

Перизат Алпыс кім?

Перизат Алпыс – қазақстандық журналист, тележүргізуші, актриса әрі әнші. Ол отандық телевизия саласында бірнеше жобада еңбек етіп, көрерменге “Таңғы студио” бағдарламасының жүргізушісі ретінде танылған. Сонымен қатар КТК арнасындағы “Қыз қылығы” бағдарламасында келіннің рөлін сомдап, жобаның сценарийін жазған.

Өнер иесі әншілік қырымен де танымал. 2019 жылы енесіне арнап ән жазып, оның шығу тарихын көпшілікпен бөліскен. Ол сұхбаттарында отбасы, бала тәрбиесі, келін мен ене қарым-қатынасы туралы жиі пікір білдіреді.

Жақында Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында Перизат Алпыс бұрынғы некелеріндегі қиындықтарды, балаларының тағдырына қатысты шешімдерін және жеке өміріндегі ауыр кезеңдерді ашық әңгімеледі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары