Үш апалы-сіңлілі бауырынан мұраға қалған он центтік тиынды аукционда 506 250 долларға сатты. Қырық жылдан астам уақыт банк сейфінде сақталған тиынның ерекше құнды болып шығуына өндіріс кезінде кеткен қателік себеп болған, деп Malim.kz тілшісі Associated Press агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тиын отбасының қолына қалай түсті?
1978 жылы отбасының анасы мен ұлы сирек кездесетін тиынды 18 200 долларға сатып алған. Олар оны келешекте пайда әкелетін құнды дүние ретінде қарастырған.
Ер адам тиынды 40 жылдан астам уақыт бойы банк сейфінде сақтаған. Ол қайтыс болғаннан кейін бағалы бұйым үш әпке-сіңліге мұраға қалған.
Он центтік тиын неге қымбат бағаланды?
Тиын 1975 жылы арнайы коллекциялық топтама үшін шығарылған. Алайда өндіріс барысында оған тиын сарайын білдіретін "S" таңбасы басылмай қалған.
Мамандардың мәліметінше, дәл осындай ақауы бар екі тиын ғана белгілі. Олардың бірі 2019 жылы аукционда 456 мың долларға сатылған.
Отбасы қанша қаражатқа ие болды?
2024 жылғы 27 қазанда үш апалы-сіңлілі мұраға қалған тиынды GreatCollections онлайн-аукционы арқылы 506 250 долларға сатты.
Олар өздерінің аты-жөнін көпшілікке жарияламауды жөн көрген. Осылайша, ондаған жыл бойы сақталған шағын тиын отбасыға жарты миллион доллардан астам табыс әкелді.
Бұл ерекше оқиға АҚШ-тың Огайо штатында болған.