Ұшақ әуеде бөлшектеніп, өзі отырған орындықпен бірге қалың орманға құлаған қыз тірі қалған. Бірақ оның өмір үшін күресі сол сәтте ғана басталған, деп хабарлайды Malim.kz.
1971 жылғы 24 желтоқсанда 17 жастағы Юлиане Кёпке анасымен бірге Перудің Лима қаласынан Пукальпаға ұшып шығады. Жолда ұшақ қатты дауылға тап болып, әуеде бөлшектеніп кеткен. Қауіпсіздік белдігін таққан Юлиане орындықтар қатарымен бірге шамамен үш мың метр биіктіктен Амазония орманына құлаған.
Есін жиғанда айналасында көмекке келетін ешкім болмаған. Бұғанасы сынып, денесін жарақат алған қыз анасын іздейді. Алайда оны таба алмайды.
Юлианенің ата-анасы табиғатты зерттеген ғалымдар еді. Бала кезінде ормандағы зерттеу станциясында тұрғандықтан, ол жабайы табиғатта қалай әрекет ету керегін білетін. Қыз су бойымен жүрсе, адамдарға жолығуы мүмкін екенін есіне түсіріп, ағыс бағытымен қозғалған. Жолда ұшақтан түскен бір қаптама кәмпит тауып алған.
Аштық пен жарақаттан әлсіреген Юлиане ақыры өзен маңындағы шағын лашыққа жетеді. Келесі күні сол жерге келген жергілікті тұрғындар оны тауып, көмек көрсеткен. Осылайша қыз орманда 11 күн өткізгеннен кейін құтқарылған.
Юлиане осы әуе апатынан аман қалған жалғыз адам болды. Оның биіктен құлап қалай тірі қалғаны толық анықталмаған. Қалың ағаш жамылғысы мен орындықтардың айнала құлауы соққыны бәсеңдетуі мүмкін деген болжам бар. Кейін ол биолог болып, жарқанаттарды зерттеген.