Malim.kz
MALIMet

Ұшатын піл, көк кейіпкерлер және мың ән: 23 қазанда не болған?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

23 қазан тарихта қызықты жаңалықтарымен қалған. Дәл осы күні әлемге алғашқы iPod таныстырылып, Смурфиктер оқырманмен қауышқан, ал адамзаттың ұшу арманын жақындатқан ұшақ әуеге көтерілген. Осы күнге қатысты бес оқиғаны жинадық, деп хабарлайды Malim.kz.

1906 жыл: жеті секундқа созылған тарихи ұшу

1906 жылғы 23 қазанда бразилиялық өнертапқыш Альберто Сантос-Дюмон Париждегі Багатель алаңында өзінің 14-bis ұшағымен әуеге көтерілді. Ұшу небәрі жеті секундқа созылып, ұшақ шамамен 60 метр қашықтықты жүріп өтті. Ол жерден екі-үш метр биіктікке көтерілген.

Бүгінгі өлшеммен бұл тым қысқа сапар болып көрінуі мүмкін. Алайда авиация енді дамып келе жатқан кезеңде көпшілік алдында ұшақпен осынша жерді ұшып өту елеулі жетістік еді. Бұл тәжірибе адамның әуеде еркін қозғалу арманының орындала бастағанын көрсетті.

1941 жыл: үлкен құлағын артықшылыққа айналдырған Дамбо

1941 жылғы 23 қазанда Нью-Йоркте Disney студиясының "Дамбо" мультфильмінің премьерасы өтті. Ерекше үлкен құлағы үшін өзгелердің мазағына қалған кішкентай пілдің оқиғасы кейін бірнеше ұрпақтың сүйікті туындысына айналды.

Дамбоның өзгелерден айырмашылығы ақырында оның ең үлкен артықшылығы болып шығады: ол құлағының көмегімен ұша алады. Ана мен бала арасындағы мейірім, достық пен өзіне сену туралы туынды Disney студиясының төртінші толықметражды анимациялық фильмі болды. Биыл оның алғашқы көрсетіліміне 85 жыл толып отыр.

1958 жыл: Смурфиктер алғаш рет пайда болды

Ақ қалпақ киген кішкентай көк кейіпкерлер көрерменге бірден мультфильм арқылы келген жоқ. Смурфиктер алғаш рет 1958 жылғы 23 қазанда Бельгияның Spirou комикс журналында жарияланды.

Оларды суретші Пейо "Йохан мен Пирлуи" кейіпкерлерінің сиқырлы сыбызғы туралы хикаясына енгізген. Кейін Смурфиктер жеке оқиғалардың қаһармандарына айналып, әлемге танылды. Демек, көпшілік бала күнінен білетін көк кейіпкерлердің де күнтізбедегі өз "туған күні" бар.

2001 жыл: қалтаға мың ән сыйды

2001 жылғы 23 қазанда Apple компаниясы алғашқы iPod музыкалық ойнатқышын таныстырды. Оның басты ерекшелігі – шағын құрылғыға CD сапасындағы мыңға дейін ән сақтау мүмкіндігі еді.

Бүгінде телефоннан қалаған әнімізді бірден тыңдаймыз. Ал сол кезде сүйікті музыканы бір құрылғыға жинап, қалтаға салып алып жүру тартымды жаңалық болатын. Алғашқы iPod компьютердегі iTunes бағдарламасымен байланысып, әндер мен ойнату тізімдерін автоматты түрде көшіре алатын. Оның таныстырылғанына биыл 25 жыл толды.

2007 жыл: ғарыш станциясына "Үйлесім" аттанды

2007 жылғы 23 қазанда Discovery ғарыш кемесі жеті ғарышкермен Халықаралық ғарыш станциясына қарай ұшты. Кеме станцияны кеңейтуге арналған Harmony модулін алып барды. Оның атауы қазақша "Үйлесім" деген мағына береді.

Италияда жасалған бұл модуль станцияның америкалық бөлігін Еуропа мен Жапонияның зертханаларымен байланыстыруға арналды. Қарапайым тілмен айтқанда, ол орбитадағы зертханаларды жалғайтын торап қызметін атқарды. Осы сапар ғарыш станциясында халықаралық ғылыми жұмысты кеңейтуге жол ашты.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары