Malim.kz
Шоу-бизнес

«Үшеуі жабылып ұрды»: «Нұр-Мұқасан» айналасындағы жанжалдың жаңа дерегі шықты

Сабина Асқарқызы
әлеуметтік желі

«Нұр-Мұқасан» тобы төңірегінде жарты жылдан бері жалғасып келе жатқан жанжал сотқа дейін жетуі мүмкін. Бұрынғы әріптестер арасындағы даудың соңы қылмыстық іске ұласып, қазір тергеу аяқталуға жақындағаны белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

КТК телеарнасының мәліметінше, дау Мұқасан Шахзадаевтың бұрынғы серігі Нұрлан мен арт-директоры Ғалымжан Сүлейменнің әндерді орындауына қатысты туындаған. Әнші оларды авторлық құқықты бұзды деп айыптаған көрінеді.

Ғалымжан Сүлейменнің айтуынша, мәселені бейбіт жолмен талқылау үшін кездесуге барған. Алайда кейін жағдай ушыққанын айтады.

«Мен сізбен ән туралы сөйлесуге келдім дедім. Неге ренжіп жүрсіз, неге сотқа дейін жетіп жатыр деген мәселені айттым. Шығып бара жатқанымда артымнан келіп, үшеуі үш жақтан жабылып ұрды», – дейді Ғалымжан Сүлеймен.

Оның сөзінше, Мұқасанмен бұрын ара-қатынастары өте жақын болған. Тіпті баласына кіндік әке де болған екен. Сондықтан дәл осы адамнан мұндай әрекет күтпегенін жасырмады.

Сүлеймен оқиғадан кейін денсаулығына зиян келгенін айтып, мұрнына ота жасатқан. Сондай-ақ соңғы уақытта өз өміріне қауіптенетінін де жеткізді. Айтуынша, бір ай бұрын белгісіз адамдар көлігіне қатысты күмәнді әрекеттер жасап, қорқытуға тырысқан.

Ал Мұқасан Шахзадаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.

«Заң жүзінде барлығы тергелуде. Құзырлы органдар жұмыс істеп жатыр. Ертең бәрі анық болады. Олардың айтып жатқанының бәрі өтірік. Ол менен таяқ жеген жоқ, ол Құдайдан таяқ жеді», – деді әнші.

Ғалымжан Сүлейменнің адвокаты Инга Иманбай істің әуелде бір баппен тіркеліп, кейін басқа бапқа ауыстырылғанын айтты. Оның сөзінше, қорғаушы тарап істің толық әрі әділ қаралуын талап етеді.

Ал Алматы қалалық полиция департаменті тергеудің аяқталуға жақын екенін хабарлады.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу аяқталу сатысында. Осы айдың соңында тараптарға тергеудің аяқталғаны туралы хабарланады. Кейін іс материалдары прокуратураға жолданып, одан әрі сотқа жіберіледі», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір көпшіліктің назарындағы «Нұр-Мұқасан» төңірегіндегі дауға нақты нүктені сот қоюы мүмкін.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары