Malim.kz
Оқиға

Үстіне ағаш құлап көз жұмған бала. Оқиғаға қатысты тың деректер шықты

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Шымкент қаласында 11 ақпан күні 11-шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің ауласында қайғылы оқиға болды. Қар басқан ағаш бұтағы құлап, 4-сынып оқушысы жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында көз жұмды. Бұл жағдай бүкіл қаланы дүр сілкіндірді. Бұл туралы  Malim.kz  Otyrar басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Көршілерінің айтуынша, баланың анасы күндіз жұмысқа кеткен, ал бала аулада ойнап жүрген. Қасында тағы бір досы болған. Ағаш құлаған сәтте екінші бала қатты қорқып, қашып кеткен. Көшеден өтіп бара жатқан адамдар көмек көрсетуге тырысқанымен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.

Шымкент қалалық полиция департаменті алдын ала мәліметтерді жариялады. Ведомствоның хабарлауынша, ойын кезінде кәмелетке толмаған бала үстінде қалың қар жиналған ағаш бұтақтарын өзіне қарай тартқан. Соның салдарынан қар массасы сырғып түсіп, артынша ағаш құлаған.

Қайғылы жағдайдан кейін коммуналдық қызметтер аталған ауладағы ағаштарды кесіп, қарды тазалау жұмыстарын бастаған. Қаза болған бала №36 орта мектептің 4-сыныбында оқыған.

Қазіргі уақытта полиция тергеу амалдарын жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Қала әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Әкімдік қаза тапқан баланың отбасына жан-жақты материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары