Әркім қорыққанды сыйлайтын заман екен ғой. Өткенде әлеуметтік желіге жан айқайымды шығарған соң, ауыл әкімі: «шатырын тапсаңыздар, өзіміз жауып берейік» деп шықты. Алдында «екінші қабаттың шатырына шығуға жұрт қорқады» деген. Шамалы жел тұрса болды шатырларымыз қаңғыр-қаңғыр етеді. Қатты жел тұрса, ұшып кетіп біреудің басына түсіп, жазымыш етуі де мүмкін. Бұл сөзімді тыңдап жатқан әкім жоқ. Бәрін жаңалап бер деп жатқан жоқпыз. Ұшқан жерін ғана жамап берсе болды.
Аудан әкімінен бірінші рет көмек сұраған едім, қолдамағанына қатты налыдым. Төтенше жағдайға қаржы бөлінді, бәрін қатырамыз деп жатады ғой. Сондай көмек бізге неге жетпей қалады? Енді кімнен көмек сұраймын?
Мектептің шатырын жұмысшылар мен жас мұғалімдер жауып шықты. Үстінде білім бөлімінің басшысының өзі қадағалап жүрді.
Сол дауылдан біреудің шатыры, есік алдындағы қақпасы т.б. ұшып кеткен. Ертесіне ауыл әкіміне хабарласып, мән жайдың барлығын да баяндадым. Тұрғын үйдің айналасына шашылған қоқыстарды да айттым. Есіктің алдын шашып тастамаймын ғой. Бәрін бір орынға жинап қойдық. Қанша күн күтіп жүрмін, соны алып кетуге көлік те жібермеді. Жиналған күйі жерде жатыр. Енді бұған не дейсіз? Тараз қаласындағы жұмыстарды көріп жатырмыз. Неге аудан орталығында сондай жұмыстар жүрмейді? Біреулер келіп есептеп жататын еді ғой. Бізде ондай ешнәрсе де жоқ.
Қазір қорыққанды сыйлайтын заман болды ғой. Әкімдерді әлеуметтік желі арқылы қалай қорқытса болады, а? Жыламаған балаға ештеңе бермейді екен. Керек болса, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Машбекұлының алдына да барамын. Ұшатын шатырым ұшып кетті, жоғалтатын ештеңем жоқ".
Облыс орталығы мен аудандарда тас жолдар жабылып, электр желілері зақымдалып, ағаштар құлап, тұрғын үйлердің шатырлары ұшып қана қоймай, кейбірінің қоршаулары да бүлінген еді. Облыс орталығы Тараз қаласынан 200-дей шақырым қашықтықтағы Мойынқұм ауылында да қатты жел тұрып, үйлерді шатырларын ұшырып кеткен.
Қайрылда МАЖЫРАҰЛЫ